Accessibility links

Пью орталығы 24 елде Путин мен Зеленскийге сенімнің қалай өзгергені туралы зерттеуін жариялады


Владимир Зеленский мен Владимир Путин, коллаж
Владимир Зеленский мен Владимир Путин, коллаж

Украинада соғыс жалғасқан сайын Ресей президенті Владимир Путинге сенім азая береді. Дүйсенбіде Пью зерттеу орталығы Ресей мен Украина президенттері туралы түрлі елдердегі қоғамдық ой-пікір жөнінде зерттеуін жариялады. Зерттеуге қарағанда, Украина президенті Владимир Зеленский жөнінде көзқарас қайшылығы күшейе түскен.

24 елде жүргізілген сауалнамаға жауап берген респонденттердің 82 пайызы Путиннің халықаралық қатынастарды дұрыс жүргізетініне сенбейді.

2022 жылы Путинге сенім 14 пайыз болса, 2022 жылы сегіз пайызға түскен.

Ал Үндістан мен Индонезияда Путинге сенім ең жоғары көрсеткіштерге жеткен. Ресей президентіне сенетін үнділер 2019 жылдан бері 17 пайыз өскен. Индонезияда Путинге сенім 2019 жылы 36 пайыз болса, 2023 жылы 43 пайызға жеткен.

Ресей Украинаға басып кіргелі Германия, Испания, Израильде Путинге сенім күрт төмендеген.

Пью орталығы респонденттерден Украина президенті Зеленский туралы, НАТО туралы, НАТО-ға кіретін кей елдердің басшылары туралы да сұраған.

24 елдегі респонденттердің шамамен 51 пайызы Зеленскийдің халықаралық аренада дұрыс әрекет ете алатын мүмкіндігіне сенім білдірген. 39 пайызы сенбейтінін айтқан.

Нидерланды, Швеция мен Ұлыбританияда сұралған респонденттер Зеленскийді жоғары бағалаған. Грекия, Венгрия мен Италия респонденттерінің Зеленскийге сенімі азайған.

Пью зерттеу орталығы (Pew Research Center) Вашингтонға орналасқан. АҚШ пен әлемдегі әлеуметтік мәселелер, қоғамдық ой-пікір мен демографиялық тенденциялар туралы сауалнама жасап, ақпарат таратады. Зерттеу орталығы - Пью отбасына тиесілі қайырым қорының қандай да бір саяси ұстаным көздемейтін еншілес компаниясы болып саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG