Accessibility links

"Бас имеймін, бұл – әділетсіздік!" Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша сот қалай аяқталды?


Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша айыпталған Қалас Нұрпейісов (сол жақта) пен Нұрлан Дәлібаев (оң жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.
Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша айыпталған Қалас Нұрпейісов (сол жақта) пен Нұрлан Дәлібаев (оң жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

"Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайын басып алмақ болды, әуежайда бүлікке бастады" деп айыпталған бес адамға сот төрт жылдан сегіз жылға дейін түрме жазасын кесті. Үкімнен соң сот залында үлкен шу болды, белсенділер мен сотталғандардың жақындары үкімге келіспей, бостандық талап етіп, ұзақ тұрды. Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған ең шулы істердің бірінде сот қалай аяқталды?

"ЖЫЛАМАШЫ!"

Судья Мартбек Кәкімжанов оқыған үкімге сай, 38 жастағы кәсіби аудармашы, журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужан "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға сотталды. Мамандығы мүғалім әрі белсенді Қалас Нұрпейісов, Алматының үш тұрғыны – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменов 8 жылға түрме жазасына кесілді. Сот оларды "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "тонау", "көлікті айдап әкетті" деп айыптады. Сотталғандардың барлығы жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтеуге тиіс.

"Тоқаев сотталуы керек!" Әуежайды басып алу ісіндегі үкімге жұрт наразы болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:32 0:00

Судья Кәкімжанов үкімді оқып болған соң, "жиналғандар үкімді түсіндіруге мүмкіндік бермеді, сондықтан үкімді жариялау осымен аяқталды" деп залдан шығып кетті. Айыпталушылардың жақындары мен жақтастары "Масқара!" деп айғайлап, сот үкіміне қарсылық білдірді.

Сотталушылардың бәрі өздеріне тағылған айыпты шығарды.

– Ешқандай "жаңа Қазақстан" жоқ. Бұл істеп отырғаны әділетсіздік. Бірақ бас имеймін, тізе бүкпеймін. Отырып шығамын. Күрес әлі жалғасады. Бұлар [бас прокурор Берік] Асыловты ақтап алу үшін бізді соттады. Бұл жерде алдымен "20 мың террорист келді" деген [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев пен бізді "экстремистік ұйымның мүшесі" деген Асылов жалған ақпарат таратқаны үшін сотталуы керек еді, – деді Әйгерім Тілеужан үкімнен соң.

Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.
Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

Ал Дәлібаев Азаттыққа "тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспейміз, мұның бәрі – жала" деді. Өзгелері де пікір білдірмек болып еді, сот залындағы айдауылдар журналистерге кедергі келтірді. Ал Жанайдар Кәрменовтің залдағы ұлына "ақымақтық жасама" дегені естілді.

Әйгерім Тілеужан барлық процесстерде жанында жүрген, үкімді тыңдауға келген анасын көпшілік арасынан тауып алып, "жыламашы" деп бір сәт құшақтап тұрды. Бірнеше секундтан кейін залдағы полицейлер егіле жылаған анасы мен қызын екі жаққа ажыратты.

Биыл 5 қаңтарда парламентте сөйлеген бас прокурор Берік Асылов Тілеужан мен Нұрпейісовті "діни экстремистік ұйымның екі мүшесі" деп атап, екеуін "Қаңтарда әуежайды басып алды" деп айыптаған. Бұдан соң адвокаттар Асылов "кінәсіздік презумпциясын бұзды" деп, сотқа шағымданған. Бұл шағым алдағы уақытта қаралуға тиіс.

Қаңтар қырғынын "ұйымдастырған" кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:30 0:00

Айыпталушылар былтыр 5 қаңтарда Алматы әуежайына барғанын растайды. Олар "әуежайға елге шетел әскері келді деген соң бардық, әуежайды басып алған жоқпыз, ол жерде жарты сағат болып, тарап кеттік. Әуежайдағы тәртіпсіздікке қатыспадық" деген (Қаңтар қырғыны кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға сырттан ҰҚШҰ әскері кіргізілген).

"СОТТА АЙЫПТАР ДӘЛЕЛДЕНГЕН ЖОҚ"

Айдауылдар сотқа жиналғандарды залдан күштеп шығарғанымен, үкімге келіспеген жұрт наразылығын дәлізде жалғастырды. Олар "Ешқайда кетпейміз, осы жерде қонамыз! Жазықсыз адамдарды босатыңдар!" деген талап айтып тұрып алды. Дәлізде бірнеше адамның қан қысымы көтеріліп, кейбірі құлап, жедел жәрдем шақыртылды.

– Сотта айыптар дәлелденген жоқ. Айыпталғандарға қарсы куәлік берген адамдар алдыңғы айтқан сөзін қайтып алды. "Бізге қысым жасалған соң осындай куәлік беруге мәжбүр болдық, сондықтан ол сөзімізден бас тартамыз" деді. Олар бостандыққа шығады деген үміт болды, – деді соттан соң белсенді Абзал Достияров.

Сот үкімін тыңдауға келген жұрт. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.
Сот үкімін тыңдауға келген жұрт. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.

Ал сотты бақылаған белсенді Арайлым Назарова "Әйгерім шартты жаза алар, ал жалпы ақталып шығады деп ойлап едік. Өйткені куәлердің барлығы сот кезінде алдыңғы айтқан куәлігінен бас тартқан. Әйгерімнің кінәсін дәлелдейтін ешқандай да айғақ жоқ. Барлық куә өз сөзінен бас тартқан еді. Соған қарамастан бүгін сот залынан қолына кісен салып алып кетіп бара жатқаны – масқара" деді жылап тұрып.

Сот үкіміне келіпей, ашу-ызаға булыға айғайлаған, кейбірі қыстыға жылаған жұрт біразға дейін тарамай, дәлізде тұрды. Олардың арасында Қалас Нұрпейісовтің қарындасының баласымын деген жасөспірім де болды.

– Көкем әкемдей болып кеткен. Ол "қазақ, қазақ" деп жүретін еді, қазақты қорғап "террорист" болып кетеді деп ойламап едім. Бәріміз, бүкіл отбасымыз бүгін көкем шығады деп үміттенген едік, мұндай болады күткен жоқпын. Түк істей алмаймыз енді, – деді жасқа булыққан жеткіншек.

Сот үкіміне келген жұрт пен арнайы жасақ. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.
Сот үкіміне келген жұрт пен арнайы жасақ. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляциялық шағым түсіруге 15 күн уақыты бар. Үкімнен соң айыпталушылардың жақындары апелляциялық сотқа шағым беретінін айтты.

"Әуежайды басып алу" ісі бойынша сот процесі төрт айға созылды. Құқық қорғау ұйымдары "бұл іс жан-жақты тергелген жоқ" деп біледі. Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшыларды қатыстыра отырып тергеуге үндегенімен, Астана ол ұсынысты қабылдамады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында "Орталық Азияның бір қаласынан гастарбайтер кейпін жамылып келген бандиттерді кіргізу үшін Алматы әуежайына бандиттер мен террористер шабуыл жасады" деп мәлімдеген. Алматы қаласының әкімдігі де "әуежайға шабуылдаған бандиттердің әрекеті олардың шетелде дайындықтан өткенін көрсетеді" деген. Бірақ билік Алматы әуежайына 5 қаңтарда бандиттер шабуылдағанына нақты айғақ-дәлел келтірмеді.

2022 жылы қаңтардың басында Жаңаөзендегі сұйылтылған газдың қымбаттауы ілік болған бейбіт наразылық кейін елдің басқа аймақтарында қолдау тапқан. Артынан бұл наразылық дүрбелеңге ұласып, қан төгілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында елде 238 адам қаза тапты. Ақорда "мемлекеттік төңкеріске талпыныс болды" деген. Сарапшылар Қаңтар оқиғасына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кланы мен президент Тоқаев арасындағы элитааралық тартыс себеп болды дейді. Назарбаев та, Тоқаев та мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG