Ресей сыртқы барлау қызметінің директоры (СВР) Сергей Нарышкин маусым айының соңында АҚШ орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бёрнспен телефон арқылы сөйлескенін, әңгіме барысында "Украинаны не істеу керектігін" талқылағанын мәлімдеді. Ол мұны ТАСС агенттігіне айтқан.
30 маусымда Нарышкин мен Бёрнс телефонмен сөйлескенін The Wall Street Journal басылымы да хабарлаған. Бұған қарағанда, Бёрнс АҚШ-тың Пригожин бүлігіне қатысы жоқтығына сендіру үшін Нарышкинге телефон соққан. Алайда Нарышкиннің сөзінше, "Пригожин бүлігі" әңгімеге ілік қана. Оның сөзінше, сөз негізінен Украинадағы соғыс туралы болған.
Нарышкин Бёрнспен жеке кездесу жөнінде уәделеспегенін, бірақ ондай мүмкіндік бар екенін айтқан.
Бёрнс Нарышкиннің сөзіне әзірге пікір білдірген жоқ.
- The Washington Post Бёрнс маусым айында Киевке барғанда Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөз мәселесі сөз болғанын жазған. "Келіссөз бастаудың шарты - Украина әскерінің аннексияланған Қырымға кіру" деген ұйғарым болған.
- Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің ұстанымы өзгермейтінін, Украина 1991 жылғы шекарасына қайта оралған кезде Мәскеумен келіссөзге дайын болатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР