"Вагнер" әскери жеке тобының қару-жарағы мен техникасы Ресей әскеріне алынған. Мұны Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ведомство сөзіне қарағанда, екі мыңнан астам әскери техника және қару-жарақ пен оқ-дәрі алынған. Оның ішінде жүздеген Т-90, Т-80, Т-72 танкілері мен дүркіндетіп ататын "Град", "Ураган" реактивті жүйесі, "Панцирь" зенит-зымыран кешені, өзі жүретін 2С1 "Гвоздика", 2С3 "Акация", 2С5 "Гиацинт", 2С4 "Тюльпан" артиллерия құрылғылары, гаубицалар мен танкіге қарсы құралдар, миномёт кешендері, берентягачтар, берентранспортёрлар мен автомобильдер бар.
Ресей қорғаныс министрлігі "Вагнер" қаруларының кейбірі ұрысқа бұған дейін бірде бір рет пайдаланылмағанын айтқан. Мұнан өзге 2,5 мың тоннадан астам түрлі оқ-дәрі мен 20 мың атыс қаруы алынған.
"Вагнер" жәке әскери тобын Владимир Путинге жақын бизнесмен Евгений Пригожин 2014 жылы құрған. Олар Донбастағы сепаратистік қозғалысқа қолдау көрсеткен, Африка мен Таяу Шығыстағы қарулы жанжалдарға қатысқан. "Вагнер" көптеген әскери қылмыс жасаған, адамдарды сотсыз, тергеусіз өлтірген деген қылмыстық топ ретінде сипатталады. Алайда Владимир Путин "Вагнерге" Ресейдің қатысы жоқ деп мәлімдеген.
Ресей Украинаға жаппай басып кіргенде "Вагнер" де белсене атсалысқан. Ресей билігі Пригожиннің түрме аралап, жалдамалы жинауына рұқсат берген. Ақыры Ресей қорғаныс министрлігінің басшылығымен жанжалдасқан Пригожин 23-24 маусымда Мәскеуге "әділет жорығын" бастап, 200 шақырым қалғанда райынан қайтқан. Владимир Путин осы кезде "Вагнерді" Ресей қаржыландырып келгенін алғаш рет ашық мойындаған.
Кейін Пригожин үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, "Вагнерді" Беларусь жеріне жіберген.
ПІКІРЛЕР