Accessibility links

ТЖМ Павлодар облысындағы "Ертіс орманы" өртеніп жатқанын хабарлады


"Ертіс орманы" резерватында өртпен күресіп жатқан өрт сөндіруші. Павлодар облысы.
"Ертіс орманы" резерватында өртпен күресіп жатқан өрт сөндіруші. Павлодар облысы.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі 16 шілдеге қараған түні Павлодар облысы Шарбақты ауданының "Ертіс орманы" резерватында орман өртін сөндіріп жатқанын хабарлады. Қатты желден өрт тез тарап, сөндіру жұмыстары қиындап отыр дейді министрлік.

Мекеменің хабарлауынша, әзірге өртпен күреске 350 қызметкер, 75 техника жұмылған. Қосымша Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан күш тартылған.

Өрттің болжамды ауданы – 850 гектар дейді министрлік елдімекендерге қауіп жоғын мәлімдеп. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Асаин Байханов барған.

Министрлік 16 шілденің таңында таратқан ақпаратқа қарағанда, қазір өрт үш учаскеде сөндіріліп жатыр. Өрт орнынан Павлодар қаласына дейін 150 шақырым дейді мекеме.

Қазақстанда жаз айларында өрт оқиғасы көбейді.

Маусымның басында "Семей орманы" резерватындағы өрт бір аптада 60 мың гектарға тарап, 15 адам қаза болған. Мерт болғандардың 14-і орман шаруашылығының қызметкері еді. Осы оқиғадан кейін қаралы күн жарияланып, сол кезде төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен алынған, Семей облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жарияланған.

19 маусымда Астанада қураған ағаш өртеніп, қаланы түтін басқан. 15 гектарға ұласқан өрт қайғылы оқиға жетпей аяқталды. Айдың аяғында Алматы облысында қамыс өртеніп, өрт 6,2 мың гектарға жайылған. Шілденің басында Атырау облысында да 50 гектар аумақта қамыс өртенген.

БҰҰ Даму бағдарламасының жазуынша, Қазақстан орман аумағы аз мемлекеттердің қатарында. Орманды жерлер ел аумағының 5 пайызын ғана алып жатыр. Орманды аумақтың жалпы ауданы – 13,6 миллион гектар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG