Accessibility links

Түркия Ыстанбұлда ықтиярхат беру түгел тоқтағанын жоққа шығарды


Ыстанбұл қаласы
Ыстанбұл қаласы

Түркия ішкі істер министрлігінің миграция департаменті Ыстанбұлдың барлық 39 ауданында шетелдіктерге ықтиярхат беру тоқтатылды деп хабарды жоққа шығарды.

Департаменттің хабарлауынша, бұл шектеу бұрынғыша Ыстанбұлдың 10 ауданында тұр. Былтыр қазанда қаладағы Фатих, Эсенюрт, Авджилар, Бахчелиэвлер, Башакшехир, Багджилар, Эсенлер, Кючюкчекмедже, Султангази және Зейтинбурну аудандарында шетелдіктерге ықтиярхат беру тоқтатылған.

Мұның алдында түркиялық Milliyet басылымы Ыстанбұлдың барлық 39 ауданында шетелдік мигранттарға ықтиярхат беру доғарылды деп хабар таратқан.

Ресми дерек бойынша, 2022 жылы Түркияда 5,4 миллион шетелдік тұрса, соның 1,2 миллионы Ыстанбұлда болған. Бұл – қала халқының 8 пайызы.

Ыстанбұл полициясы кейінгі екі аптада бес мыңнан астам заңсыз мигрантты ұстағанын, оларды депортация орталықтарына жібергенін хабарлады.

Ыстанбұлдағы шетелдік мигранттардың ішінде 535 мыңы – Сириядан келгендер.

Былтыр қазанда Түркия ішкі істер министрлігі Ыстанбұлдың 10 ауданында шетелдіктерге ықтиярхат беруге тыйым салған.

Түркия Ресей Украинаға басып кіргелі орыс азаматтары жаппай бас сауғалаған елдердің бірі болған. Шетелдік мигранттарды тексеру тәртібі күшейгелі орыс азаматтары да ықтиярхат алудың қиындағанын айтып шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG