Accessibility links

Путин Украинаға берілген АҚШ кассеталық бомбалары жайлы пікір білдірді


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин жексенбі, 16 шілде күні жария болған сұхбатта Ресейде "кассеталық оқ-дәрі көлемі жеткілікті", Украина АҚШ берген кассеталық қаруды қолданса, дәл сол қаруды Ресей де қолдана алады деді.

АҚШ Украинаға кассеталық оқ-дәрі беретіні мәлім болғалы осы тақырыпты жария түрде алғаш қозғаған Путин осыған дейін Ресей Украинаға қарсы бұл қаруды пайдаланбағанын мәлімдеді.

"Бізде түрлі кассеталық оқ-дәрінің жеткілікті көлемі бар. Бірақ біз осыған дейін оны қолданбадық, оған қажеттілік те болмады. Белгілі бір кезеңде бізде оқ-дәрі жетіспегені рас. Бірақ біз оған бармадық. Егер оны бізге қарсы қолданса, бізде дәл солай қарымта соққы жасау құқығы болады" деді Путин.

Украинадағы соғыста Ресейдің кассеталық бомбаларды тастағаны кеңінен құжатталған. Ресей әуе соққысынан кейін кассеталық снарядтар табылған. Бұған халықаралық гуманитарлық ұйымдар да, Associated Press агенттігінің өзі де көз жеткізген.

"Россия 1" телеарнасының тілшісі Павел Зарубин телеграм-каналына жексенбі түні толық жарияланатын сұхбаттың осы үзінділерін салды.

Бейсенбі, 13 шілде күні Пентагон АҚШ берген кассеталық бомбалар Украинаға жетті деп мәлімдеді.

Бұл бомбалар нысанаға жетпей әуеде ашылып, ондаған кіші бомбаны шашады. АҚШ жетекшілері бұл қаруды Украинаға беру-бермеу мәселесін айлар бойы талқылаған. Соңғы шешімді өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден қабылдаған.

Гуманитарлық ұйымдар кассеталық бомбаларды бұрыннан сынап келеді. АҚШ-тың кей одақтастары да бұл қадамға алаңдаушылық білдірген. Себебі осыған дейінгі әскери қақтығыстарда салдары ауыр болған. Шағын бомбалардың көбі жарылмай қалып, соғыс аяқталғаннан кейін бейбіт тұрғындарға зардабын тигізген.

АҚШ-тың кейінгі қадамын қолдайтындар Ресей осы қаруды Украинаға қарсы қолданды, АҚШ беріп жатқан оқ-дәрілерде жарылмай қалатын бомбалар әлдеқайда аз деп мәлімдеп отыр. Украина бұл қаруды халық тығыз орналасқан аудандарға қолданбауға уәде берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG