Accessibility links

Халық наразылығынан соң жойылған "әдеп полициясын" Иран қайта жандандыруы мүмкін


Иран билігі "әдеп полициясын" қайта жандандыруды көздеп отыр. Олар әйелдерге орамал тағып, хиджаб киюді міндеттейтін заң нормаларының орындалуын қадағаламақ.

Кей ақпараттарға қарағанда, Иран қалаларында "әдеп полициясының" көліктері байқала бастаған.

Азаттық радиосының Иран қызметі - Радио Фарданың жазуынша, жергілікті БАҚ ​"әдеп полициясының" әлдебір әйелді ұстағаны туралы видео жариялап, пікір жазған белгілі актер Мохаммад Садегидің қамалғанын хабарлаған.

Тегеран билігімен байланысы бар жергілікті газеттердің бірі "Садеги құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қару қолдануға шақырды" деп жазған.

Ирандағы "әдеп полициясы" 2022 жылы Махса Әмини есімді 22 жастағы қыздың өлімінен кейін басталған жаппай наразылық митингілерінен кейін тоқтатылған. "Хиджабты дұрыс кимеген" деп айыпталған Махса Әмини полиция бөлімінде соққыға жығылып, ауруханада өлген.

Полицияға қарсы ұрандатқан қарсылық акциясы бірнеше айға созылып, күшпен басылған. Кемі 500 адам өліп, ондаған мың адам қамауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG