Accessibility links

Путин: "Қырым көпірін жарғандарға жауап қайтарылады"


Қырым көпірі, 17 шілде, 2023 жыл
Қырым көпірі, 17 шілде, 2023 жыл

Ресей президенті Владимир Путин Қырым көпіріне жасалған шабуылды "теракт" деп атап, ол үшін Ресей жауап қайтаратынын, қорғаныс министрлігі қазірдің өзінде ұсыныс әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Мұны Ресей президенті дүйсенбі күні кешке Қырым көпірі төңірегіндегі аймақ басшыларымен жиын өткізгенде айтқан.

Ресей үкіметі төрағасының Қырым мәселесімен айналысатын орынбасары Марат Хуснуллин көпірдің бір жолағы толығымен бұзылғанын, қалпына келмейтінін, тағы бірі зақымданғанын мойындады. Оның сөзінше, көпірдің тіректері зақымданбаған. Нығайтуды керек ететін тіректердің бірін 18 шілдеге қараған түні жөндеуге уәде беріп, әрі қарай жеңіл авткөліктерді бір жолақпен жіберуге болатынын айтты.

Оның сөзінше, зақымданған жердің жанынан ұзындығы 250 метр уақытша көпір салынады. Әзірге автокөліктер Қырымға "жаңа аймақтар" арқылы өтуіне болады. Хуснуллин Ресей басып алған Украина жерін "жаңа аймақтар" деп атады.

Аннексияланған Қырымның Ресей тағайындаған басшысы Сергей Аксёнов Краснодар аймағы мен Қырым арасында бір күнде 450 автокөлік өткізе алатын паром өткелі бар екенін, бірінші кезекте қорғаныс министрлігінің жүгі өткізілетін хабарлады. Аксёновтің сөзінше, жүк көліктерінің кезегі екі тәулікке ұласуы мүмкін.

Краснодар аймағының губернаторы Вениамин Кондратьев көпірге жақын маңда төрт мыңға жуық көлік сыятын автотұрақ мен тамақтану пункттерін ашып, биотуалет қоюға уәде берді.

Краснодар аймағын аннексияланған Қырыммен жалғайтын Керчен көпіріне (Қырым көпірі) 17 шілдеде су бетімен жүретін екі дрон шабуылдаған. Украина БАҚ-тары шабуылды Украина қарулы күштері мен қауіпсіздік қызметі ұйымдастырғанын жариялаған. Шабуыл нәтижесінде Қырым көпіріндегі автожолдың бір жолағы тіректен шығып кеткен, тағы бірі зақымданған. Жарылыс сәтінде көпірде болған көлікте отырған, Белгород облысынан Қырымға демалысқа бара жатқан ерлі-зайыпты өліп, 14 жасар қыздары ауруханаға түскен.

Ресей Украинаға жаппай басып кіргелі Қырым көпірінде осымен екінші рет жарылыс болып отыр. 2022 жылы қазан айында да жарылыс болып, бес адам өлген.

Қырым көпірі: Жарылыстан кейінгі жағдай
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG