Accessibility links

Ресей астық келісімін тоқтатқан соң бидай мен жүгерінің әлемдік бағасы күрт қымбаттады


Ресей астық келісімі тоқтатылғанын жариялаған соң әлемдік нарықта астық пен жүгері күрт қымбаттады. Мұны Американың CNN телеарнасы хабарлады.

Кеше Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей флоты бұғаттап тұрған Қара теңіздегі порттардан Украина астығын тасымалдау туралы келісім 17 шілдеден бастап күшін жойды деген еді. Ол "астық келісімі бойынша Мәскеудің талаптары орындалмады" деген уәж айтқан.

Ақ үй "Ресейдің шешімі азық-түлік қауіпсіздігін ушықтырып, әлемдегі миллиондаған адам өміріне қауіп төндіреді" деп мәлімдеді және Ресейді "шешімін дереу өзгертуге" шақырды.

"Қара теңізбен астық тасымалдау туралы келісім Ресейдің Украинаға жаппай шабуылынан соң күрт қымбаттаған әлемдегі азық-түлік бағасын арзандатуда шешуші рөл атқарды", – деген АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Адам Ходжаның сөзін CNN жариялаған.

Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш астық келісімінен шығу және Қара теңіздің солтүстік-батысындағы кеме қауіпсіздігі бойынша Ресейдің қауіпсіздік кепілін тоқтату туралы Ресей шешімі өкінішті екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, астық келісімі Украина астығына мұқтаж елдердегі азық-түлік бағасын 23 пайыз арзандатқан.

"Жүздеген миллион адам аштыққа ұшырап, тұтынушылар адам өміріне орасан зор қауіп төндіретін жаһан дағдарысына ұшырайтын болды", – деді Гутерриш.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Ресейдің ұйғарымын "арсыз шешім" деп атады. Ол Еуропа одағы Украина ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жалғастыра беретінін айтты.

Ұлыбритания Ресей билігінің шешімін "өзінің заңсыз соғысы кезінде мұқтаж халықтарға неғұрлым көбірек зиян келтіруге тырысатын шектен шыққан әрекет" деп атады.

Нидерландының сыртқы істер министрі Вопке Хукстра Ресейді астық келісімін қайта жалғастыруға шақырды. "Адамның ішіп-жейтін тамағын қару ретінде қарастырып отырған Ресейдің бұл әрекеті ешқандай моральға сыймайды", – деп жазды Twitter парақшасына.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей астық келісімен шықса да, Қара теңіз дәлізімен астық тасу жалғаса беретінін мәлімдеді. Зеленскийдің Африка журналистеріне берген сұқбатынан алынған бұл сөзді баспасөз хатшысы Сергей Никифоров Facebook-тегі парақшасына жариялады.

"Қара теңіз дәлізін Ресейсіз-ақ пайдаланатындай жағдай туғызуымыз қажет. Біз қорықпаймыз. Бізге кемелердің иесі саналатын компаниялардың басшылары хабарласты. Олар Украина астық шығаруға, Түркия өткізуге дайын болса, астық таси беретінін айтты", – деді Зеленский.

Зеленский астық келісімі бойынша екі шарт бар екенін, біріншісіне Түркия, Ресей және БҰҰ қол қойғанын, екіншісіне Украина, Түркия және БҰҰ қол қойғанын айтты. "Сондықтан Ресей астық келісімін тоқтатамыз десе, оны БҰҰ бас хатшысы Гутеррришпен және президент Ердоғанмен келісімін тоқтатқаны деп түсіну керек. Бізбен емес. Біз Ресеймен ешқандай келісім жасаған жоқпыз", – деді Зеленский.

  • Ресей бұғаттаған Қара теңіздегі Украина порттарынан астық тасымалдау туралы келісім былтыр шілдеде Түркия мен БҰҰ араласқан соң жасалған. Келісім бірнеше рет ұзарған. Соңғы рет 17 мамырда ұзартылған.
  • Астық келісімін ұзарту үшін Ресей Россельхозбанкті банк төлемдерін өңдейтін халықаралық SWIFT жүйесіне қайта қосуды талап еткен. Россельхозбанк бұл жүйеден санкцияға байланысты ажыратылған. Мәскеу Ресей астығын, тыңайтқышы мен аммиакты Еуропаға Украина арқылы экспорттауға кедергі жасамау жөнінде шарт қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG