Accessibility links

Сәбиді құтырған түлкі қапқан Ақтөбе облысының Жаманкөл ауылында 21 күн карантин жарияланды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Бүгін, 18 шілдеде Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Жаманкөл ауылында тамыздың жетісіне дейін карантин жарияланды.

Осы аралықта Жаманкөл ауылынан сыртқа мал және мал өнімдері шығарылмайды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, осыдан екі апта бұрын Жаманкөл ауылында 4 жасар сәбиді түлкі қауып, қапқан түлкінің басын Қобда ауданының ветеринарлары облыс орталығы Ақтөбеге жеткізген.

- Түлкінің құтырғаны кеше анықталды. Осыған орай Жаманкөл ауылындағы мал-жан 21 күн бойы бақылауда болады,- деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базаров.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, түлкі қапқан төрт жасар баланың денсаулығы жақсы. Түлкі баланың бетін, мұрны мен самайынан тістеп, аяғын тырнап үлгерген. Құтыруға қарсы вакцина алған бала үйінде емделіп жатыр.

Жарық ауылдық округінің әкімі Ерлан Иманғазиннің сөзінше, 4 шілде күні әке-шешесімен бірге Қобда өзеніне барған сәбиді қалың қамыс арасынан шыққан түлкі қауып алған. Баланың әкесі сол жерде түлкіні қолға түсіріп, Жедел жәрдем шақырған.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базаровтың сөзінше, құтырған хайуанаттардың адам мен малға шапқан кездері бұрын да болған. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе облысының Ойыл ауданында қой бағып жүрген жігітке құтырған қарсақ шауып, науқас ауруханада қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG