Accessibility links

"Happy End". ШҚО әкімдігі жөнделіп бітпеген Риддер ЖЭС-і жайлы 14,8 млн теңгеге фильм түсіргенін растады


Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. 7 қараша 2022 жыл.
Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. 7 қараша 2022 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі күрделі жөндеуге республика қаражаты енді бөлініп жатқан Риддер жылу электр орталығы жөнінде бір ай бұрын орысша "От ЧС к Happy End" деген фильм түсірткізген. Оған 14 миллион 880 мың теңге жұмсаған. Бұл ақпаратты әкімдік Азаттыққа растады. Фильм жайлы алдымен мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған еді.

Әкімдік тендеріне "Алюстрой" деген компания бір көзден тікелей ие болған. Келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталында 20-22 маусым аралығында жасалды. Бұл – Шығыс Қазақстанға жаңа әкім Ермек Көшербаев тағайындалып қойғаннан кейінгі уақыт. Бірақ фильмде облыс әкімі деп экс-әкім Даниал Ахметовтің аты аталады. Сайтта фильм шыққан дата көрсетілмеген.

Облыс әкімдігі Азаттыққа берген жауабында рәсім "толық заң талабына сай" өтті деген.

"Мұндай ақпаратты барынша көп ұсыну тұрғындарды проблемаларды шешу үдерістерімен таныстыруға, тұрғындардың мүддесін қорғауға және қиын жағдайда жылумен қамтамасыз ету үшін қабылданған іс-шаралардан хабардар етуге көмектесті. Жобаның мақсаты – республикалық және жергілікті атқарушы органдар қандай іс-әрекет істеп жатқаны туралы объективті, нақты ақпарат беру" деп жазады ШҚО әкімдігі Азаттыққа берген жауабында.

Фильм жарияланған Sozmedia сайты – ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде биыл тіркелген жаңа ресурс. Басылым өткен айда журналист Асхат Ниязовтың Даниал Ахметовтен алған сұхбатын автордан бұрын YouTube-арнасына жариялап жіберген. Асхат Ниязов оны өшіруді талап етіп пікір қалдырған, бірақ видео әлі де сонда тұр

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев 15 шілдеде Риддер ЖЭС-ін күрделі жөндеу мен оған жабдықтар сатып алуға республика бюджетінен 9,8 миллиард теңге қаражат алдағы аптада келіп түсетінін хабарлаған еді.

Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, Риддер ЖЭС-ін сегіз мердігер компания жөндейді.

Азаттық ШҚО әкімдігіне жолдаған сауалхатында жөндеуге қандай мердігер компаниялар қатысып жатқанын сұраған, бірақ әкімдік бұған жауап бермеді.

Былтыр қарашада жылу орталығында апат болғанда облыстың бұрынғы әкімі Даниал Ахметов кәсіпорынды жөндеуге қатысып жатыр деп ұлына жақын адамдардың компанияларын атаған. Соның ішінде мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашиновтің әйелі иелік ететін "Терезе" компаниясы мен Айдос Бақтыбаев басқарған "ВК Техногрупп" компанияларын айтқан.

Риддер жылу электр орталығы, ресми ақпарат бойынша, жаңа маусымға 32 пайыз дайын. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Риддер ЖЭС-інде былтыр күз бен қыста бірнеше рет апат болды. Былтыр қарашада 22 мыңнан астам отбасы бірнеше тәулік суық үйде түнеген. Үкіметтің ақпаратына қарағанда, Риддер ЖЭС-і 71,5 пайыз тозған.

Апат болғаннан бері кәсіпорын иесі екі рет ауысты. Қаңтарда кәсіпорынды Қайрат Отыншиевтен Құралбек Әбдірахманов деген кәсіпкер сатып алған. Өткен айда жылу электр орталығы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиевтің қолына өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG