Accessibility links

Ресей қорғаныс министрлігі: Украина порттарындағы кемелер әскери нысанаға айналады


Сәрсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі 20 шілдеден бастап Қара теңіз акваториясындағы Украина порттарында тұрған кеменің бәрі әскери жүк тасушы кеме ретінде қарастырылатынын мәлімдеді. Өзге елдің туын көтерген кемелер "Украина жанжалына араласушы және Киевті қолдаушы" болып саналады.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарына қарағанда, Қара теңіздің солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс аудандарындағы халықаралық су аймағы кеме қатынасына қауіпті саналады.

Қорғаныс министрлігі мұны Ресейдің 17 шілдеде "астық келісімін" ұзартудан бас тартқан соң жасап отыр. "Астық келісімі" бойынша Украинаның Қара теңіздегі порттарынан астық пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеген жүк кемелері қауіпсіз теңіз дәлізі арқылы өте алады. Бұл жүк Украина мен Ресей астығына мұқтаж Африка мен Таяу Шығыс елдеріне арналады.

Кейінгі екі күнде Ресей әскері Украинаның Одесса мен Николаев облыстарындағы порттарын зымыранмен атқылаған. Украинаның "Экономическая правда" басылымының мәліметіне қарағанда, кемеге тиеуге дайындалған 60 мың тоннадан астам астық жойылған. Украина хабарына қарағанда, Қара теңіздегі астық экспорты инфрақұрылымының үлкен бөлігі істен шыққан. Мамандардың бағасына қарағанда, оны қалпына келтіру үшін кемі бір жыл керек.

Украинаның аграрлық саясат министрі Николай Сольский егер Украина азық-түлік экспортттай алмаса, кедей елдердің хал-ахуалы қиындай түсетінін айтты. Әлем экономикасы да зардабын тартады. "Астық қымбаттайды, елдің бәрі бірдей қымбат азық-түлік сатып ала алмайды, сондықтан ұн, жарма, ет қымбаттайды", – деді ол.

Кеме жүрісін бақылаушы сервистердің мәліметіне қарағанда, қазір Украина аумақтық суына жақын маңдағы Румыния жағасында түрлі елдің туын көтерген ондаған кеме жиналып қалған. Мұнан өзге, Украина порттарында Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінің туларын көтерген 10-ға жуық кеме тұр.

Ресей "астық келісімінен" шыққан соң әлемдегі тауар рыногында бидай мен жүгері күрт қымбаттаған. Дүйсенбіде өткен БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысында көптеген ел Ресейді "астық келісіміне" қайта оралуға шақырған.

Сәрсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин "Ресей астық келісімін ұзартып таңғажайып шыдамдылық танытты, бірақ Батыс келісімді құрдымға жіберу үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеді" деп мәлімдеген. Путиннің сөзінше, Украина астығының әлемдегі маңызы туралы сөз - "спекуляция" ғана. Оның айтуынша, Ресей әлем рыногындағы Украина астығының орнын басуға дайын.

Украина астық экспорттайтын жаңа бағыт жасайтыны жөнінде БҰҰ кеме қатынасы агенттігіне хабарлады. Бұл бағыт Румыния аумақтық суы арқылы өтуі мүмкін.

  • Ресей бұғаттаған Қара теңіздегі Украина порттарынан астық тасымалдау туралы келісім былтыр шілдеде Түркия мен БҰҰ араласуымен жасалған. Келісім бірнеше рет ұзарған. Соңғы рет 17 мамырда ұзартылған.
  • Астық келісімін ұзарту үшін Ресей Россельхозбанкті банк төлемдерін өңдейтін халықаралық SWIFT жүйесіне қайта қосуды талап еткен. Россельхозбанк бұл жүйеден санкцияға байланысты ажыратылған. Мәскеу Ресей астығын, тыңайтқышы мен аммиакты Еуропаға Украина арқылы экспорттауға кедергі жасамау жөнінде шарт қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG