Accessibility links

Сарыағаштағы бес жасар сәбидің өлімі: Жібек жолы ауылының тұрғындары наразылыққа шықты


Бес жасар сәбидің өліміне байланысты тергеуді әділ жүргізуді талап етіп тұрған ауыл адамдары. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылы. 20 шілде, 2023 жыл
Бес жасар сәбидің өліміне байланысты тергеуді әділ жүргізуді талап етіп тұрған ауыл адамдары. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылы. 20 шілде, 2023 жыл

20 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында кісі қолынан өлген бес жасар сәбидің жетісіне жиналған жұрт наразылыққа шығып, тергеуді әділ өткізуді талап еткен. Бұл туралы Азаттыққа жергілікті тұрғындар хабарлады.

Бір топ әйел "Педофилдерге өлім!", "Әділ сот болсын!" деген жазуы бар плакат ұстап, Жібек жолы ауылының ішімен өтіп, қазақ-өзбек шекара бекетіне апаратын күре жолды жапқан. Оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ келген.

Жиналғандардың айтуынша, қыздың өліміне байланысты тергеуге тағы бір күдікті шақырылған, кейін оны босатқан. Тұрғындар "сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпай, күдіктіні шығаруға болмайды" деп талап қойған.

Жолды жапқан наразы жұртты арнайы жасақ әкімдік ғимаратына күшпен кіргізген. Әкімдік өкілдері мен полиция әйелдердің шағымын тыңдап, сұрақтарына жауап береміз деген. Кісі қолынан қаза болған бала туысының сөзінше, қазір әкімдік ғимаратын арнайы жасақ қоршап тұр.

13 шілде күні түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген бес жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен ауыл адамдары іздеп, кешке көршісінің үйінің шатырынан денесін тапқан.

Сол күні кешке полиция сәбиді өлтірген болуы мүмкін деген күдікке ілінген адамды қамауға алған. Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлаған.

Тұрғындар айтқан екінші күдікті бойынша ақпарат әзірге толық расталмады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар сәбидің өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.

Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" күдіктінің бостандығын 3 жылға шектеген. 14 шілдеде Бас прокуратура аталған қылмысқа жазаны қатайту және бас бостандығынан айыру тағайындау туралы кассациялық наразылық келтіргенін мәлімдеді.

19 шілдеде Жоғарғы соттың баспасөз қызыметі Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін хабарлады.

Бұл хабарға қарағанда, 13 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жасар қызды өлтірді деген күдікті бұрын да адамды балтамен ұрып, ауыр жаралағаны үшін қылмыстық іске тартылғанда судья Нұрқазы Шетенов жеңіл жаза белгілеп, 3 жылға бостандығын шектеген.

Қазақстанда судьялар мен сот төрағаларын президент тағайындайды және босатады.

Сарыағашта 5 жасар қыздың қазасынан соң ауыл дүрлікті
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG