Accessibility links

Ресей Қырғызстанның жүзден астам азаматын депортациялаған


Ресей полициясы Мәскеуде Тәжікстан мигранттарын ұстап жатқан сәт. Мамыр, 2023 жыл
Ресей полициясы Мәскеуде Тәжікстан мигранттарын ұстап жатқан сәт. Мамыр, 2023 жыл

Ресейдің Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысындағы операциядан кейін Қырғызстанның 130 азаматы еліне депортацияланған. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз редакциясына Қырғызстанның Ресейдегі консулы Манас Жолдошбеков айтты.

"Операция негізінен Мәскеу мен Санкт-Петербургте жүрген. Мәскеу мен Мәскеу облысынан 130 адам Қырғызстанға депортацияланды",- дейді ол.

Бұған дейін Ресей ішкі істер министрлігі "Нелегал-2023" операциясының алғашқы сатысының қорытындысы бойынша, Ресейден жеті мыңға жуық мигрант шығарылғанын, бірнеше мың шетел азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Оларға негізінен "Ресейге заңсыз жолмен келген", "заңсыз есірткі мен қару-жарақ ұстаған", "шекараны заңсыз кесіп өткен" дейтін айыптар тағылған.

Ресей билігі операцияның бірінші сатысы биыл 19 маусым мен 25 маусым аралығында жүргенін мәлімдеген. Бірақ мигранттар әлі күнге ұстап жатқанын айтқан.

Маусымның соңында Ресейдегі Қырғызстан мигранттары кәсіподағының төрағасы Ақбар Разықұлов Мәскеуде мигранттарды көшеден ұстап алып, құжатын тексерместен полиция учаскелеріне жаппай әкетіп жатқанын хабарлаған.

2022 жылғы ресми мәліметке қарағанда, Қырғызстанның 1 миллион 118 мыңнан астам азаматы шетелде уақытша тұрып, жұмыс істеп жатыр. Оның негізгі бөлігі - 1 миллион 63 мыңы Ресейге кеткен. 2023 жылдың мамыр айында Қырғызстанның еңбек, көші-қон және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі Қырғызстанның шетелдегі азаматтары бір жарым миллион адамнан асқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG