Accessibility links

Конституциялық сот Қаңтарда қаза тапқан Жұбаназаровтың ісіне қатысты шағымды кері қайтарды


Қаңтар оқиғасында қаза болған ақтөбелік Русланбек Жұбаназаров.
Қаңтар оқиғасында қаза болған ақтөбелік Русланбек Жұбаназаров.

Конституциялық соты Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан ақтөбелік Русланбек Жұбаназаровтың ісі бойынша құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың жазған шағымын талапқа сай емес деп кері қайтарды. Шорманбаев 20 шілдеде Конституциялық соттан "шағымыңыздың құқықтық негіздемесі жоқ, сондықтан кері қайтарамыз" деген жауап алған.

Шорманбаев шағымда "Жұбаназаров ісінің құпия деп танылуы, жәбірленуші тараптың іс материалдарымен таныса алмауы – жәбірленуші тараптың конституциялық құқықтарын бұзып отырғанын" жазған. Бұған қоса, құқық қорғаушы тергеу мен прокуратура Мемлекеттік құпиялар туралы заң мен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сүйеніп, кісі өлімін зерттемей отырғанына да шағымданған.

- БҰҰ-ның өмір сүру құқығы бойынша жазылған стандарттарына сай кез-келген адам өлімі тергеліп, сол адамның туған-туысқандарына толық ақпарат берілуі керек. Қазақстан оған қол қойған. Бірақ Қаңтарда оққа ұшқандардың ісін құпия деп тану арқылы Қазақстан Конституциядан бөлек адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелерді де ашық түрде бұзып отыр, - дейді Амангелді Шорманбаев.

Конституциялық сот құқық қорғаушыға берген жауабында "шағымның мәні, шағымданған тараптың позициясы, шағымның құқықтың негіздемесі, дәлелдер, басқа да фактілер" көрсетілмегенін жазған.

Конституциялық соттың жауабымен келіспеген айтқан Шорманбаев тамыз айында Жұбаназаровтар отбасының шағымын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жолдамақ.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы Конституциялық соттың жауабына еш таң қалмағанын айтады.

- Біз апелляция, кассацияның бәрінен өттік. Бәрі де бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай жауап жолдады. Осыдан кейін Конституциялық соттың шағымымызды қанағаттандырмауы мен үшін күтпеген жайт болды дей алмаймын. Билік Русланбектің кәрі әке-шешесіне "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңге аударып, ауыздарын жабамыз деп ойласа керек. Жоқ, біз Русланбек толық ақталмайынша күресе береміз, - дейді Жайнагүл Бүркітқызы.

Азаттық Конституциялық сотқа шағымның қаралмауының себебін толығырақ түсіндіріп беруді сұрап, ресми хат жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны 30 жастағы Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Алғашында билік "террорист" деп айыптап, траншеяға көмбек болған Жұбаназаровтың сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 2022 жылғы 8 ақпанда берілген. Жұбаназаровты туыстары 9 ақпан күні туған жері Мөңке би ауылына жерледі.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттағанына қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Олар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа қарсылық білдірген. Наразылар әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысында екі адам мерт болды. Русланбек Жұбаназаров билік демонстранттарды күштеп таратқан 2022 жылғы 7 қаңтар күні таң алдында оққа ұшса, Файзулла Нұргелдин алаңда алған жарақатынан оңала алмай, екі айдан соң қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG