Ақмола облысында экобелсенділер мен тұрғындар құрттар қаптап, айналадағы орманды жеп, жып-жылмағай етті деп дабыл қағып отыр. Дәлел ретінде олар Азаттыққа видеолар жіберді. Видеолардың бірінде Қарағанды облысымен шекаралас жатқан аудандардың біріндегі орманда ағаштардың жапырақсыз қалғаны, жалаң бұтақтарда қуыршақтар жатқаны көрінеді. Мәселе жүздеген ағаштар туралы болып отыр.
- Құрттар көбейіп, келесі жылы одан да көп болып кете деп қорқып отырмыз. Табиғат бүлініп жатыр. Біз бұл мәселе жөнінде айтқанбыз, көріп отырғандарыңыздай шешілген жоқ, – деді аты-жөнін атағысы келмеген тұрғын Азаттыққа.
Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасының өкілдері Азаттыққа ормандардың құрттардан зардап шеккенін растады. Әзірге шығын көлемі есептелмеген. Шенеуніктер ағаштардың жапырақтары желінгенмен ағаш шырыны қалғанын айтады.
- Ерейментау ауданында бұл жөнінде бізге кеш айтылды, ол жақта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізсе де, одан пайда болмайды. Деректер тіркелді. Енді жағдайды бақылап отырамыз, – деді табиғи ресурстар басқармасына қарасты орман шаруашылығы және ерекше қорғаудағы аймақ бөлімінің жетекшісі Әділ Қантаев.
Құрттардан Ақмола облысындағы өзге ормандар да зардап шеккен. Табиғи ресурстар басқармасының мәліметінше, Бұланты, Зеренді және Сандықтау аудандарында ошақтар анықталған. Қантаевтың айтуынша, ол жақта шамамен 1500 гектар жерге ұшақпен дәрі шашылған.
- Иә, мәселе бар, біз оны жоққа шығармаймыз. Қазір жұлдызқұрттар қуыршақтарға айналып кетті. Аталған аудандарда ошақтары анықталып, рұқсат етілген препараттармен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Мұндай зиянкестер өзге де орман шаруашалықтарында бар. Келесі көктемде тағы анықталса, оларды жою жұмыстарын жүргізу керек, – деді Қантаев.
Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, жапырақсыз қалған ағаштардың өртенуі оңай, бұл сонымен бірге тұтас экожүйеге нұқсан келтіреді.
- Құрттардың экожүйені құртқаны аз болғандай мұндай орман кез келген ұшқыннан от алып, өртенуі мүмкін. Бұрын осындай ормандарда болғанмын. Ол жақта жапырақ жоқ болғандықтан оны қорек қылып жүрген жәндіктер де жоғалады, онымен бірге оларды жейтін құстар, сонымен бірге аңдар да жоғалады. Бұл орасан шығын, себебі ол жерде бәрін осы өсімдіктер ұстап тұр. Құрттар көбейіп, келесі жылы ошағына айналуы мүмкін, – деді эколог Дмитрий Калмыков Азаттыққа.
Оның пікірінше, билік тез арада биологтар мен энтомологтардың көмегімен жағдайды бағалап, тиісті шешім қабылдауы тиіс. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет пе әлде сол құрттарды жейтін көбелектер мен қоңыздарды әкелу керек пе? Осы сұрақтардың жауабын табуға тиіс.
Биыл жазда Қазақстанның түрлі өңірінде ормандар өрттен қатты зардап шекті. 15 адамның өмірін қиған, 60 мың гектардан астам орманы өртенген Абай облысындағы өрттен кейін үкімет 1 шілдеден бастап табиғат қорғау қызметінің жұмысшыларының жалақысы өсетінін хабарлаған.