АҚШ қорғаныс министрлігінің барлау басқармасы Ресейдің Беларусь аумағында тактикалық ядролық қару орналастырғанын растады. Бұл жөнінде басқарманың жоғары лауазымды тұлғасына сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.
Бұған дейін Ресей басшысы Владимир Путин ядролық қару Беларусь аумағында екенін мәлімдеген. Батыс елдерінің ресми өкілдері ақпаратты растамаған, терістемеген де еді.
Осыған дейін АҚШ барлау қауымдастығының өкілдері Беларусьте тактикалық ядролық қаруға арналған қойма салынып жатқанын растай алмаған еді. Қойма жөнінде Путин мен белорус басшысы Александр Лукашенко айтқан.
Алайда Американың барлау қызметінің өкілдері Беларусь аумағында совет кезеңінен қалған нысандар барын және олар ядролық зарядтарды сақтау үшін пайдаланылуы мүмкін екенін мойындайды.
АҚШ қорғаныс министрлігі барлау басқармасы өкілдерінің айтуынша, Беларусьте шоғырланған ядролық зарядтарға Ресей толық бақылау жүргізеді. Олар Лукашенконың "қажет жағдайда аталған қаруларды пайдалана алатыны жөнінде" тұжырымына күмән келтірді. Мәскеу қаруды Минкінің бақылауына берсе, ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартын бұзған болар еді. Бұған дейін Путин ядролық қаруды Ресейдің өзі бақылайтынын айтқан. Бұған Ресейдің өз ішінде ешкім күмән келтірмеген.
Беларусьте нақты қанша ядролық заряд орналасқаны белгісіз.
АҚШ Ресейдің Беларусьте ядролық қару орналастырғанын айыптаған. Америка өкілдерінің пікірінше, әзірге оны қолданады деген қауіп жоқ және соған байланысты АҚШ ядролық стратегиясын өзгертпейді.