Аннексияланған Қырымның Красногвардейск ауданында дрондар шабуылынан кейін өрт басталған. Оқ-дәрі қоймасы жарылғаны жөнінде де хабар тарады.
Бірқатар Телеграм-арналарында жарияланған видеолардан түтін будақтап шығып жатқаны көрінеді, жарылыс дыбысы да естіледі. Ақпаратқа қарағанда, оқиға Октябрь ауылындағы әскери аэродромда болған. Бұл Қырымның орталық бөлігі. Кей ақпаратқа қарағанда, мұнай қоймасы өртеніп жатыр.
Ресей тағайындаған Қырым жетекшісі Сергей Аксёнов оқ-дәрі қоймасына украин дрондары соққы жасағанын хабарлады. Оның сөзінше, соның салдарынан оқ-дәрі жарылған. Әзірге толық емес ақпарат бойынша ешкім зардап шекпеген. Қойма маңынан бес шақырым радиустағы елдімекендерде эвакуация басталған. Қырым темір жолында қозғалыс тоқтаған.
Украина әскері әзірге дрондар шабуылына қатысты ақпаратқа түсінікеме бермеді.
- Ресей билігі егер Қырымдағы нысандарға шабуылда батыс қару-жарағы қолданылса, "орталыққа соққы жасаймыз" деп сес көрсеткен. Алайда дрондар туралы айтпаған.
- Аннексияланған Қырымның Киров ауданындағы әскери полигонда 19 шілдеде өрт болған. Қаланың ескі бөлігінде оқ-дәрі қоймасы өртенген. Ресей билігі оқиғаға не себеп болғанын хабарламады. Кей ақпаратқа қарағанда, полигонға дрондармен шабуыл жасалған.
- 17 шілдеге қараған түні бірнеше жарылыстың салдарынан Қырым көпірі бүлінген.