Accessibility links

Бас прокуратура: Мұхтар Әблязовтың ағасы Алматы әуежайында ұсталып, үйқамаққа алынды


Бейтарап сурет
Бейтарап сурет

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ағасы Қуаныш Нұрғазин 24 шілдеде Алматы әуежайында ұсталып, үйқамаққа алынды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Прокуратура Нұрғазинды Әблязовтың "сыбайласы" деп атап, оның елге "ерікті түрде" оралғанын айтады. Орган Нұрғазиннің Әблязов басқаратын "BSC" компаниясының номиналды директоры деп мәлімдеді.

"Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған" деп отыр.

Ведомство Нұрғазин "сотталушы бола тұра ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұзып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған" дейді.

"Ол 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған. Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 25 шілдеде сот оны үйқамаққа ауыстырды" деп жазды прокуратура хабарламасында.

Шетелде тұратын экс-банкир, билікті ашық сынап жүрген Мұхтар Әблязов ағасының ұсталғанына қатысты пікір білдірмеді.

Мұхтар Әблязов 1990 жылдардың ортасынан бастап Қазақстан үкіметінде жұмыс істеген. 2001 жылы "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған.

2017 және 2018 жылдары Қазақстан соты Мұхтар Әблязовты 20 жылға сырттай соттаған. Қазақстан билігі оны "аса ірі көлемде ақша жымқырды, 2004 жылы бизнес-серіктесі Ержан Тәтішевке жасалған қастандықты ұйымдастырды" деп санайды. Әблязов тағылған айыптардың бәрінің саяси астары бар деп санайды.

Қазақстан билігі Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" дейді.

Билік Әблязовтің қозғалысын қолдағандарды сотқа жиі тартады, ал ҚДТ-ның жоспарлаған бейбіт митингілерге келушілерді жаппай ұстап, қуғындайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG