Маңғыстау облысында "Бозащы Мұнай" кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнынан шыққан өрт бір жарым айдан бері әлі жанып жатыр. Мамандар ауаға тәулігіне 11 мың текше метр газ жағылып жатқанын айтады.
"Бозащы Мұнай" бас директордың орынбасары Асылбек Ғабдуллиннің айтуынша, өртті тоқтату үшін кеше, 24 шілдеде жанып жатқан ұңғыманың жанынан көлденең бұрғылау жұмыстары басталған. 1200 тереңдікке дейін бұрғылау жоспарланып отыр. Бұдан соң бұрғыланған жерге бетон ерітіндісі құйылады.
Ғабдуллин бұл жұмыстар өртті сөндіруге септігін тигізуі керек дейді. Оның сөзінше, егер бұрғылау жұмыстары сәтті аяқталса, өрт қыркүйекте өшуі мүмкін. Ал нәтиже болмаса, жанып жатқан ұңғыманың екінші жағын қайта көлденең бұрғылап, бетон ерітіндісін құяды. Екінші талпыныс болса, онда өрт қазан айында сөндірілуі мүмкін.
Қазір кәсіпорын өрт сөндіру жұмыстарына 300 млн теңгеден астам қаржы жұмсағанын айтады. Ғабдуллиннің сөзінше, экология департаменті аптасына бір рет ауадан сынама алып, қоршаған ортаға келген зиян көлемін есептеп отыр. Ол қоршаған ортаға шамадан тыс зиян келгенін мойындайды.
Ал Маңғыстау облысы экология департаменті өрттің тұрғындарға зияны жоқ деп отыр
"Өрт болып жатқан жерден ауа сынамасы алынып тексерілді, тексеріс ең жақын орналасқан Шебір ауылы 35 шақырымда орналасқанына байланысты тұрғындарға теріс әсер етуі жоқ" дейді департамент Азаттыққа жіберген хабарламасында.
Бұған дейін облыстың экология департаментінің басшысы Руслан Тукенов өрт салдарынан қоршаған ортаға келген зиянның нақты көлемі өрт толық өшкеннен кейін белгілі болатынын айтқан еді.
Маңғыстау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Әбубәкіров апаттың себеп-салдарын анықтау үшін тергеу жүріп жатқанын айтып, бірақ әзірше ешетеңе анық емес деген.
Өрт 9 маусымда басталған, ұңғыманы бұрғылау кезінде 1000 метр тереңнен газ-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан. Жер астынан шыққан жалынның биіктігі 10 метрге дейін жеткен. Бұрғылаумен «Заман Энерго» компаниясы айналысқан. Бұл "Бозащы Мұнай" серіктестігінің кен орнындағы ұңғымаларды бұрғылаумен айналысатын бас мердігері – Caspian Drilling LLP компаниясы жалдаған кәсіпорын. Бұл екі кәсіпорынның бас кеңселері Атырауда орналасқан.
Жоспар бойынша, бұл ұңғыма 1200 метр тереңдікке дейін қазылуы керек болған. Оңтүстік Қаратұрын кен орнында барлығы 20 мұнай-газ ұңғымасы бар.
Дәл осындай апат Маңғыстау облысында 2019 жылы наурызда "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы қарайтын Қаламқас мұнай кен орнында болған. Кен орнындағы ұңғымалардың бірінде бұрғылау кезінде 435 метр тереңдікте газ атқылап, өрт шыққан. 13 наурызда басталған өрт 28 наурызда өзі өшкен.
ПІКІРЛЕР