Accessibility links

Politico: Киевтің одақтастары украин ұшқыштарын дайындау жоспары бойынша келісімге келе алмады


 F-16 жойғыш ұшағы.
F-16 жойғыш ұшағы.

АҚШ пен Еуропа елдері F-16 жойғыш ұшақтарын басқаруға үйрететін украин ұшқыштарын әзірлеу жоспары бойынша келісімге келе алмады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Politico басылымы жазды.

Украиналық ұшқыштарды үйрету жоспарын қолға алған 11 елден құралған коалицияға Нидерланд пен Дания жетекшілік етеді. Бірақ бұл елдердің ешқайсысы аталған бағдарламаға қосылатынын жұртқа жариялаған жоқ.

Politico басылымының жазуынша, коалиция мүшелеріне украин ұшқыштарын АҚШ-тың Аризона штаты Тусон қаласындағы әскери базада үйрету ұсынылған. Алайда бұл идея қолдау таппаған. Еуропа елдерінің бірінде (Румыния не Дания) ұшқыштарды дайындау ұсынысы да айтылған. Жоспар мақұлданса, ол жаққа Америка ұшқыштары жіберіледі. Басылым дереккөздері әзірге түпкілікті шешім қабылданбағанын мәлімдеді.

Еуропа елдері украин ұшқыштарын оқытуды осы жазда бастаймыз деп үміттенеді. Басылымның жазуынша, F-16 жойғыш ұшағын басқару бойынша жаттығу АҚШ мемлекеттік департаменті тиісті құралдар бөлмейінше басталмайды.

Politico-ның жазуынша, жаттығу жылдың соңында басталуы мүмкін, ал алғашқы ұшақтар Украинаға 2024 жылдың көктемінен ерте келмейді.

Басылым Дания қорғаныс министрлігі мен АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдерінен түсініктеме сұраған. Алайда олар жауап беруден бас тартқан. Нидерланды қорғаныс министрлігінің өкілі журналистердің сұрақтарына жауап бермеді.

  • Шілде басында Украина президенті Владимир Зеленский F-16 жойғыш ұшақтарын басқару бойынша кесте әлі күнге дейін жасалмаған, батыстағы одақтастар жаттығудың басталуын созып отыр деп мәлімдеген.
  • Украина Ресей басқыншылығы басталғалы бері әскери авиациясының көп бөлігінен айырылды. Киев батыстағы одақтастарынан қазіргі заманғы жойғыш ұшақтарын сұрап келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG