Accessibility links

Молдова тыңшылық туралы зерттеуден кейін Ресей дипломаттарын қысқартуды ұйғарды


Молдова тыңшылық күдігінен кейін Ресей дипломаттарының санын қысқартады. Бұл жөнінде Молдова сыртқы істер министрі Николай Попеску мәлімдеді.

Сәрсенбі күні үкімет отырысында Попеску Ресей жылдар бойы Молдоваға "қастық жасап келді", ол "өзінің зымиян әрекеттерін елшілігі арқылы да жүзеге асырды" деді. Осыны ескере отырып, Молдова билігі елде ресейлік дипломаттардың санын шектеуді ұйғарған.

Попеску өз мәлімдемесінде Ресейдің Молдовадағы елшілігінің шатырындағы антенна туралы журналистік зерттеуді атап көрсеткен. Журналистер онан кез келген сигнал түрін ұстап алатын кемінде 28 антеннаны анықтаған. Зерттеушілер сонымен бірге Ресей арнайы қызметімен байланысы бар елшілік қызметкерлерінің антеннаны сәт сайын реттеп отырғанын да анықтаған. Бұған дейін де Еуропаның түрлі елдеріндегі Ресей елшіліктерінің шатырындағы антенналар туралы зерттеу жарияланған.

Осыған орай Молдова сыртқы істер министрлігі Ресейдің Молдовадағы елшісі Олег Васнецовты шақырған. Азаттықтың Молдова қызметінің хабарлауынша, Васнецов Кишиневті "русофоб" деп айыптап, "антенналар 1990 жылдардан бері бар, ол кезде Молдовада байланыс нашар болған" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG