Accessibility links

Украина соты мемлекеттік думаның 18 депутатын сырттай 15 жылға соттады


Мемлекеттік дума.
Мемлекеттік дума.

Украина соты мемлекеттік думаның 18 депутатын Ресей президентін Донецк және Луганск облыстарындағы сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін мойындауға шақырғаны үшін сырттай 15 жылға еркіндігінен айырды. Депутаттарға Украинаның территориялық тұтастығына нұқсан келтірді деген айып тағылған. Бұл жөнінде Украина қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылы 15 ақпанда Ресей думасының депутаттары сепаратистердің тәуелсіздігін мойындау туралы қаулы қабылдауды қолдап, дауыс берген. Кейін олар президент Владимир Путин қол қойған сепаратистердің тәуелсіздігін мойындау туралы келісімді ратификациялады. Осы келісімді Мәскеу Украинаға басып кіруге негіз ретінде пайдаланды.

Сотталушылар арасында Ресей Федерациясы коммунистік партиясының 9 депутаты (Михаил Авдеев, Ольга Алимова, Николай Арефьев, Михаил Берулава, Анатолий Бифов, Николай Васильев, Анжелика Глазкова, Сергей Казанков, Ренат Сулейманов), "Новые люди" фракциясының 4 мүшесі (Георгий Арапов, Ксения Горячева, Владислав Даванков, Александр Дёмин, төртеуі де республикалардың тәуелсіздігін мойындау туралы үндеуге қарсы дауыс берген), "Справедливая Россия – За правду!" және ЛДПР (Николай Бурляев, Анатолий Вассерман, Алексей Диденко, Сергей Каргинов) фракциясының төрт мүшесі бар. Бұған қоса, тізімде ешқандай фракцияға енбеген депутат Оксана Дмитриева да бар.

Украина қауіпсіздік қызметінің айтуынша, осы іс бойынша тағы 73 ресейлік депутатқа шыққан айыптау актісі сотқа жіберілген.

  • Украина шығысындағы сепаратистердің тәуелсіздігін мойындау туралы дауыс беруге қатысқан Ресей парламентінің барлық мүшесі халықаралық санкция тізіміне ілінген.
  • Украина Конституциясы мен Ресей заңнамасы (адамның намысына тию немесе жала жабу айыбынан басқа жағдайда) парламент мүшелеріне дауыс беру немесе парламенттегі сөзі үшін заңдық тұрғыда қудаланбауға мүмкіндік береді.
XS
SM
MD
LG