Accessibility links

Адвокат: Прокуратура Думан Мұхаммедкәрімді Алматыға ауыстыруға келісті


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, бір күн бұрын Рысбек Сәрсенбайұлы бастаған 40 шақты белсенді және өзі облыстық прокуратураға барып, журналист Думан Мұхаммедкәрімді Алматыға ауыстыру туралы өтініш берген. Кейін прокурордың орынбасары өтінішті қанағаттандырған.

“Жазбаша хатты әзірге алмадым. Бірақ жуық арада аламыз деп ойлаймын” деді бейсенбі күні түсте Ғалым Нұрпейісов Азаттық тілшісіне.

Ол бүгін осыны Думан Мұхаммедкәрімге айту үшін Талдықорғанға барған. Алайда аштық жариялағанына 22 күн болған журналист денсаулығына байланысты адвокатына шыға алмаған. Ол жазбаша жауапты қолға алмайынша және өзін Алматыға жібермейінше аштықты тоқтатпайтынын айтқан.

Талдықорғандағы тергеу изоляторында жатқан қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім өзін Алматыға ауыстыруда талап етіп, 5 шілдеде аштық жариялаған. Адвокаттың айтуынша, қазір журналистің жағдайы өте нашар. Мекеме кезекшісі дәрігерлер оның жағдайын сәт сайын бақылап отырғанын айтқан. Кезекшінің айтуынша, осыған дейін дәрігерлер журналистке үш рет келген, алайда журналист олардың емінен бас тартқан.

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйым ісіне араласу" (405-бап, 2-бөлім) және "экстремизмді қаржыландыру" (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

Журналистке қылмыстық іс ашылғаны биыл 2 мамырда белгілі болды. Ол кезде Мұхаммедкәрім "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айып бойынша әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған еді.

Әуелі ол 405-бап бойынша қылмыстық істе "қорғануға құқығы бар куәгер" атанды. Көп ұзамай "экстремизмді қаржыландыру" бабы да қосылып, екі істе де күдікті статусына өтті. 22 маусымда Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG