Accessibility links

Түркімен билігі азаматтардан Азаттыққа мәлімет бермеуді сұраған


Әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшыраған Түркіменстанда билік азаматтарға төзімді болуға, Азаттық радиосына елдегі жағдай туралы мәлімет жолдамауға шақырған. Бұл туралы 26 шілдеде Азаттықтың Балқан уәлаятындағы тілшісі хабарлады.

Түркіменбашы қаласында 25 шілдеде ұлттық қауіпсіздік министрлігінің, қалалық әкімшіліктің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бюджет қызметкерлерімен жиналыс өткізіп, азаматтардан елдегі қиыншылық туралы Азаттыққа мәлімет жолдамауды, оның жаңалықтарын оқымауды сұраған.

Азатлық радиосы түркімен мемлекеттік БАҚ жазбайтын тақырыптарды көтеріп, елдің күнделікті тұрмысы туралы хабар таратады.

"Азаттыққа мәлімет берушілерге ескерту жасау - жиналыстың басты тақырыбы болды. Азаматтарды төзімді болуға шақырды. Интернетте шетелдің ақпарат құралдары тарататын жаңалықтарды оқымауға кеңес берілді. Жиналысқа қатысқандардың әрқайсысы отбасы мүшелеріне де ескерту керектігі айтылды" дейді осы жиналысқа қатысқандардың бірі.

"Халық төзімді болып, дүкендер, банкоматтар және ауруханалар алдында кезекте тұрмаса, олар мұндай мәліметті таппас еді" деп мәлімдеген бір ақсақал халықты "Арқадақтың гүлденген дәуіріне бірігуге" үндеген.

Халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар Түркіменстанды саяси және азаматтық еркіндікті, соның ішінде баспасөз еркіндігін де шектеп отырғаны үшін сынады.

Түркімен үкіметі тәуелсіз БАҚ-тың ел ішінде болып жатқан оқиғалар туралы мәліметтеріне назар аудармауға тырысады. Мемлекеттік БАҚ Түркіменстан "арғымақтай адымдап" алға жылжып келе жатыр деп жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG