Accessibility links

Зеленский Ресей әскері атқылап жатқан Одесса қаласына барды


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский 27 шілде кешке кейінгі күндері жиі атқылауға ұшырап жатқан Одесса қаласына барды. Украина ақпарат құралдары жариялаған видеода Зеленскийдің 23 шілдеде Ресей әскерінің ракета шабуылынан едәуір дәрежеде бүлінген Спасо-Преображенский соборына барғаны көрінеді.

Ізінше Зеленскийдің өзі де Одессаға сапарынан видео жариялады. Украина президенті Телеграмда Одессаны Ресей шабуылынан қорғай алатын әуе қорғаныс жүйесін табуға күш салып жатқанын жазды.

Ресей 18 шілдеде астық келісімінен шыққаннан кейін Одесса мен Одесса облысына жаппай соққы жасай бастаған. Украина билігі Мәскеу астық экспортын тоқтатқысы келеді деп мәлімдеген. Ресей өзінің әрекетін 17 шілде күнгі Қырым көпіріне жасалған шабуыл үшін "кек алу" деп атады. Ресей қорғаныс министрлігі Одессағы храмды көздегенін жоққа шығарады. Собордан бөлек, сол күні тарихи қала орталығындағы ондаған ғимарат бүлінген.

Соңғы рет Одесса облысына бейсенбіге қараған түні ракетамен шабуыл жасалған.

Украиналық "Оңтүстік" басқармасының мәліметінше, ресейлік екі қанатты "Калибр" зымыраны Қара теңіз акваториясындағы сүңгуір қайықтан ұшырылған. Оларды атып түсіру мүмкін болмаған. Нәтижесінде жүк терминалдарының бірі бүлінген, күзет ғимараты мен екі көлік жойылған. Нысан күзетшісі қаза болды, деп хабарлады Украина әскері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG