Accessibility links

Донецк облысындағы Старомайорск елді мекені украин әскерінің бақылауына өтті


Украина әскері Донецк облысының батысындағы Старомайорск елді мекенін орыс әскерінен азат етті. Соңғы аптада ауылда ауыр шайқастар жүрген.

Старомайорск елді мекенін бақылауға алғаны туралы әскери қызметкерлердің мәлімдемесі жазылған видеоны Украина президенті Владимир Зеленский жариялады.

Старомайорск елді мекенінен айырылғанын бейсенбі күні таңертең "ДХР" командирлерінің бірі Александр Ходаковский мойындаған.

Старомайорск ауылын азат еткені туралы ақпаратты Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр растады. Тараптардың тұжырымдарын соғыс жағдайында тексеру қиын.

Кей ақпаратқа қарағанда, қазір көрші Урожай елді мекенінде шайқас жүріп жатыр.

Бір күн бұрын америкалық New York Times басылымы дереккөздерге сүйене отырып, украин күштері елдің оңтүстігінде шабуылдың негізгі кезеңіне көшкенін және қосымша жасақтың соғысқа қосылғанын жазған. Ресейдің әскери блогерлері де осыны айтқан. Нақты жағдайда мәселе майданның екінші бір бөлігінде – Орехов қаласының оңтүстігінде болып жатқан шайқастар туралы болып отыр. Ол жақтан түскен видеоларға қарағанда, соғысқа көп бронды техника қосылған. Кей ақпаратқа қарағанда, украин әскері Работино ауылының оңтүстік-шығысына қарай жылжи алған.

Старомайорск Донецк пен Запорожье облыстарының шекарасында орналасқан ауыл. Маусым басталғалы бері украин әскері осы бағытта бірнеше елді мекеннен орыс әскерін тықсырған. Егер украин әскері осылайша оңтүстікке қарай жылжи берсе, олар Бердянск пен Мариуполь бағытындағы Ресей әскері шоғырланған негізгі сызыққа жете алады.

Пентагондағы дереккөзге қарағанда, аймақтағы шабуылдың мақсаты – Ресейдің Украина оңтүстігінде жаулап алған аймақтарын Қырыммен жалғайтын құрлық дәлізін кесу.

Запорожье және Донецк облыстарында шабуыл маусымның басында басталған. Украина әскері кестеден кешігіп жатса да, шабуыл жоспарға сай жүріп жатыр дейді. Ресей әскерінің негізгі сызығын әзірге еңсеру мүмкін болмаған. Соны меңзеген Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін украин әскерінің қайта шабуылы "сәтті болған жоқ" деп бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG