Accessibility links

Прокуратура АҚШ-тың өтінішімен ұсталған киберқауіпсіздік маманын Ресейге қайтару мәселесін қарастырып жатыр


Бас прокуратура ғимараты.
Бас прокуратура ғимараты.

Қазақстан бас прокуратурасы АҚШ билігі бұрын Group-IB деп аталған ресейлік компанияның қызметкері Никита Кислицинды экстрадициялау туралы ресми сұрау жібермегенін растады. Бас прокуратура қазіргі уақытта тек Ресей билігінің экстрадициялау туралы өтініші қаралып жатқанын мәлімдеді.

Бұл туралы бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Нұрдәулет Сүйіндіков Азаттыққа жолдаған ресми хатында жазған.

«АҚШ пен Ресей Кислицинды беруді талап еткенін растады. Алайда қазір тек Ресейдің бас прокуратурасының экстрадициялау туралы ресми сұрау хаты қаралып жатыр. АҚШ тарапы әлі мұндай ресми сұрау салған жоқ», - делінген Сүйіндіков қол қойған хатта.

Ресей азаматы Никита Кислицин Интерпол өтінішімен Алматы әуежайында 22 маусым күні ұсталған. Ол Ресейде киберқауіпсіздік саласында зерттеумен айналысатын компанияның қызметкері. Оны АҚШ-тың әділет министрлігі Formspring әлеуметтік желісінен ұрланған мәліметтерді сатты деп айыптаған. Кислицынға 2020 жылы жария түрде айып тағылып, Интерпол көмегімен іздеу жарияланды.

Кислицинның Қазақстанда ұсталғаны белгілі болғаннан кейін көп өтпей Мәскеудің Тверь аудандық соты оған «құпия ақпаратқа заңсыз қол жеткізді» деген айып тағып, сырттай қамау туралы шешім шығарды. Соны негіз етіп Алматыдағы Ресей консулдығы Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне Кислицинды Вашингтонға беруге асықпауын өтініп, нота жіберген.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, екі елдің де Кислицинге таққан айыбы ұқсас – құпия ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабы. «Енді екі ел де Кислицинның қылмыс жасағанын дәлелдеуге тиіс. Оны қай елге жіберетінін Қазақстанның құқық қорғау органдары шешеді», - деген еді бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов 29 маусымда.

26 шілде күні Алматыдағы Ресей консулының кеңесшісі Артем Огановтың Кислицин отырған мекемеге барғаны белгілі болды. Огановтың айтуынша, Кислицинның Қазақстаннан саяси баспана сұрау жоспары жоқ.

«Оның [Кислицинның] жалғыз тілегі – Ресейге оралу. Ол елдегі саяси жүйеге және ондағы әлеуметтік жағдайға толық көңілі толатынын жеткізді», - деген Оганов ресейлік басылымдарға берген сұхбатында.

Әзірге Огановтың сөзін растайтын тәуелсіз дереккөздер табылмады.

Кислицин АҚШ-қа экстрадицияланған ресейлік хакер Евгений Никулиннің ісі бойынша өтіп отыр. Никулин 2016 жылы Прагада ұсталған. Америка соты оны киберқылмыс жасады деген айыппен жеті жылға соттаған.

Кислицин ресейлік хакерге қарсы куәлік беріп, ФБР-ге көмектескені үшін, оның ісі сотқа бармаған. Бірақ АҚШ тергеушілерінің күдігінше, Кислицин Ресейдің арнайы қызметімен де жұмыс істеуі мүмкін.

Шетелде ұсталған Ресей азаматына қарсы қылмыстық іс қозғау Ресей билігінің жиі қолданатын амал-әдісі, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі. Медиалар «Мәскеу осылайша азаматын өзіне қайтарғысы келеді» деп сынға алған.

Кислицин 2006–2012 жылдары ақпарат қауіпсіздігі тақырыбын қозғайтын "Хакер" журналының бас редакторы қызметін атқарды. 2013 жылы Кислицин кибер қауіпсіздік бойынша Илья Сачков негізін қалаған Group-IB компаниясына жұмысқа тұрды.

26 шілдеде Мәскеу қалалық соты Илья Сачковты 14 жылға соттады.

Group-IB ( қазір F.A.C.T.T.) – компьютер қауіпсіздігі саласындағы компания. Оның клиенттері Сбербанк, "Тинькофф" және Альфа-Банк, "Ростех" секілді ірі компаниялар. Бұл компания арнайы қызмет пен Интерполға да кеңес береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG