Accessibility links

Еуроодақ "ақпаратты бұрмалаумен айналысқан" ресейлік бес ұйымға санкция салды


Еуроодақ Ресейдің жеті азаматы мен бес компаниясына санкция салды. Бұл жөнінде хабарлама 28 шілдеде ЕО-ның ресми журналында жарияланды. Еуроодақтың тұжырымдауынша, аталған ұйымдар мен олармен байланысты тұлғалар жалған ақпарат таратумен және Ресейдің Украинаға басқыншылығын насихаттаумен айналысқан.

Санкция тізіміне "Институт российского зарубежья", "Диалог", "ИнфоРос" ақпарат агенттігі, Әлеуметтік жобалау агенттігі және "ГК Структура" ұйымы енгізілген. Бұған қоса, осы ұйымдардың басшылары мен қызметкерлеріне қарсы шектеу қойылған. Атап айтқанла, "Диалог" автономды коммерциялық емес ұйымының бөлім жетекшісі Тимофей Васильев (ол жүздеген мың жазылушысы бар "Война с фейками" атты Телеграм арнасын жүргізеді деп айтылады), "ГК Структура" ұйымының негізін қалаушы Илья Гамбачидзе, "Института русского зарубежья" ұйымын құрған Александр Старунский, "ИнфоРос" бас директоры Анастасия Кириллова және Нина Дорохова, саясаттанушы Сергей Пантелеев, ШЫҰ-ның іскерлік клубының директоры Денис Тюринге шектеу қойылған.

ЕО мәліметінше, олар "Ресейдің Украинаға басып кіруін насихаттайтын" кампанияларға қатысып, жалған және үкімет веб-сайттарын құрып, әлеуметтік желілерде фейк аккаунт ашқан.

Мәселен, "ИнфоРос" Украинадағы соғысты насихаттайтын 270 прокси-басылым ашқан. 2020 жылы Associated Press оның коронавирус инфекциясы туралы фейк жариялайтынын жазған. ЕО мәліметінше, "Институт русского зарубежья" Ресейдің "жалған ақпараттарын" таратумен айналысқан. Институт сайтында ұйым "Еуразия кеңістігінде интеграция және орыс әлемінің бірлігін нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады" деп жазылған.

"Осы жаңа тізім арқылы біз олардың ақпарат кеңістігімізді қалай бұрмалайтынын білетіндігімізді ұғындырғымыз келеді. Біз бұл қауіптің алдын алуға, болдырмауға және жаңа құралдармен тиімді жауап беруге бел будық" деді Еуроодақтың сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі Жозеп Боррель.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Еуроодақ жалған ақпарат таратып, ЕО-ға қарсы насихат жүргізгені үшін ресейлік RT, Sputnik, Россия РТР/РТР Планета, Россия 24/Россия 24, TV Centre International, НТВ/НТВ Мир, Россия 1, РЕН ТВ, Бірінші арнаға санкция салған.

2001 жылы құрылған "ИнфоРос" 2021 жылы АҚШ-тың санкция тізіміне енген. Басылымның Ресей арнайы қызметімен байланысы туралы 2018 жылы желтоқсанда The Washington Post та жазған.

XS
SM
MD
LG