Украина шахмат федерациясы құрама мүшелеріне ресейлік және белорус спортшыларымен қол алыспауға және олармен бірігіп суретке түспеуге кеңес берді.
"Басқыншы ел өкілдерімен тілдеспеңдер" деп жазылған ұйымның Facebook-та жарияланған хабарламасында.
Бұған қоса, федерация украин шахматшыларын әлеуметтік желілер мен сұхбаттарында соғыстың әлі жалғасып жатқанын, ал ресейліктер мен белорустардың көбі не өз елдерінің билігін қолдайды немесе "украин халқын қырып-жойып жатқанын үнсіз бақылап отырғанын" халықаралық қауымдастық өкілдерінің есіне салуға шақырды.
Украина шахмат федерациясы Халықаралық шахмат федерациясын "Кремльдің жалшысы және Ресейдің қылмысына қатысы бар" Аркадий Дворковичтің жетекшілік ететіне жол беруге болмайды деп санайды.
Украина Ресей мен Беларусь Украинаға қарсы террористік әрекеттерін жалғастырып жатқан шақта ресейліктер мен белорустарды жарысқа қатыстырмау қажет деп санайды.
- Аркадий Дворкович – Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы екенін айтқан санаулы ресейлік шенеуніктердің бірі. Былтыр наурызда америкалық Mother Jones журналына берген сұхбатында Дворкович "Кез келген соғыс жаман. Мына соғыс та. Соғыс адамдардың баға жетпес өмірін қияды. Соғыс үміт пен арманды жерлейді, қарым-қатынас пен байланысты жояды" деген.
- ФИДЕ бұған дейін Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін қолдаған гроссмейстер Сергей Карякинді жарыстан шеттеткен. Мәскеу 2022 жылы әлемдік шахмат олимпиадасын өткізу құқығынан айырылған. Ресей және белорус командаларына бейтарап тумен де қатысуға тыйым салынды.
- Федерация ресейлік және белорус компанияларымен демеушілік келісімшартты ресми түрде үзген.
- Украина сәуір айында спортшыларына ресейліктер мен белорустар қатысатын жарыстарға қатысуға тыйым салған. Шілдеде шешімнің күші жойылды.