Accessibility links

Путин саяси қудалау туралы сұрақтарға жауап берді


"Коммерсантъ" басылымының тілшісі Андрей Колесников "Ресей – Африка" саммитінен кейін өткен баспасөз конференциясы кезінде Ресей президентіне оппозиционерлердің қамалуы туралы сұрақ қойды.

Колесников Керчь көпіріндегі жарылыстан кейін терроризмді ақтады деп айыпталып, қамалған әлеуметтанушы Борис Кагарлицкий және режиссер Евгения Берковичтің аттарын атады. Евгений Беркович "Ислам мемлекеті" террористік тобына қосылған ресейлік туралы қойылым үшін "терроризмді ақтау" бабымен айыпталған. Қойылым өмірде болған оқиғаға негізделген.

Құқық қорғаушылар Кагарлицкий мен Берковичтің істерінің "саяси астары" бар деп санайды.

"Адамдар жазғандары үшін және айтқан сөздері үшін қамалды. Бұл қалыпты жағдай ма? Шүкір, қазір 37-жыл емес қой? Әлде кейбірі айтқандай, 37-жыл ма?" деп сұрады Колесников.

"Бізде 2023-жыл. Және Ресей Федерациясы көрші елмен қарулы қақтығыс жағдайында тұр. Менің ойымша, ел ішінде нұқсан келтіріп жатқан адамдарға белгілі бір қатынас болуға тиіс" деп жауап берді Путин.

Президент Колесников сұрағында атап өткен адамдардың ісі туралы білмейтінін бірнеше рет айтты. Бірақ оның сөзінше, "жетістікке жету үшін, бұл соғысқа да қатысты, белгілі бір ережелерді сақтауға тиіспіз" деді ол.

"Олардың не істегенін білмеймін, кейін маған айтып берерсіздер. Бәлкім, олар қамауға лайық емес те болар. Тіпті білмеймін" деді Путин.

Колесников сонымен бірге Путинге "Йоханнесбургтегі БРИКС саммитіне бармау туралы шешім немен байланысты?" деген сұрақ қойды. Ресей президентін тұтқындауға қатысты Халықаралық қылмыстық сот ордер шығарған, Оңтүстік Африка республикасы ХҚС-ның юрисдикциясын мойындайды. Демек, бұл Путин ОАР-ға барса, Йоханнесбург оны тұтқындауға тиіс екендігін білдіреді. Путин Украинаның оккупацияланған аймағынан украин балаларын күштеп депортациялау қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінген.

Колесников сұрағында ордер жөнінде айтқан жоқ, бірақ "ОАР-ға бармағаныңыз сол елді ыңғайсыз жағдайда қалдырмау туралы ниетіңізден туындады ма" деп сұрады.

"БРИКС саммитіне қатысуым Ресейде жүруімнен маңызды деп санамаймын. Бар болғаны сол" деді Путин. Ол ОАР билігімен байланысты қолдайтынын атап өтті.

Африка елдерінің атысты тоқтату туралы бейбіт бастамасы туралы сұрақтарға жауап берген Путин ұсынылған пунктердің бірін жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты.

"Украина армиясы шабуылдап жатыр. Бізге шабуылдаған кезде атысты тоқтата алмаймыз ғой" деді Путин.

Украина жағы Ресей басып алған аумағын азат етіп, Ресей әскері өз жерінен толық кеткен кезде ғана Мәскеумен бейбіт келісім жасайтынын айтқан. Бұған дейін Ресей қазіргі жағдайды ескере отырып, келіссөз жүру қажеттігін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG