Accessibility links

Дрондар түнде Мәскеудегі іскерлік орталыққа шабуылдады


Жексенбіге қараған түні екі дрон Мәскеу орталығындағы "Москва-сити" іскерлік ауданына шабуылдады. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдарының жазуынша, негізінен кеңселерден тұратын ғимараттың әйнектері шағылған, ғимарат бүлінген. ТАСС мәліметінше, бір адам – қарауыл зардап шеккен.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, "Москва-сити" ауданына екі дрон ұшып келген. Радиоэлектронды құралдардың көмегімен олардың басқару жүйесі бұзылған соң аппараттар ғимаратқа құлаған. Ведомство өкілдері бұған қоса, Мәскеу облысының Одинцов ауданында тағы бір дрон атып түсірілгенін хабарлады. Қорғаныс министрлігі мұны "Киев режимінің террористік шабуыл жасау талпынысы" деп атады.

Оқиғадан кейін Мәскеу мен Мәскеу маңындағы аумақта біраз уақыт ұшуға тыйым салынды, "Внуково" әуежайының жұмысы бір үзіліп, жанданды.

"Москва-Сити" ғимаратында өзгелерден бөлек, экономика министрлігі, өнеркәсіптік сауда министрлігі, цифрлық даму министрлігі, Ростуризм, Росстандарт, мемлекет мүлігін басқару агенттігінің кеңселері орналасқан. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, шабуылдан кейін цифрлық даму министрлігінің қызметтік құжаттары айналаға шашылған.

Кейінгі кезде Украинамен шекаралас аймақ қана емес, Ресейдің орталық аймақтары да дрон шабуылына ұшырап жатыр. Шілде айының өзінде Мәскеуге осымен төртінші рет дронмен шабуыл жасалып отыр. 24 шілдеде дрон бизнес орталығына құлап, тағы бірі қорғаныс министрлігінің ғимаратын бүлдірген. Қорғаныс министрлігі оқиғаға Киевті айыптайды. Украина жағы әдетте оған түсініктеме бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG