Ресей қорғаныс министрлігі жексенбіге қараған түні Қырымға 25 дрон шабуылдауға тырысқанын мәлімдеді.
Министрліктің хабарламасында Ресей әскері "ұшақ тектес дрондарды" атып түсіргенін хабарлады.
"16 дронды әуе қорғанысы жойды. Тағы 9 аппарат радиоэлектронды құралдардың көмегімен істен шығарылды: мақсатына жетпеген дрондар Қара теңіз акваториясы мен Тарханкут мүйісіне құлады" деді министрлік өкілдері.
Ақпаратқа қарағанда, ешкім зардап шекпеген, ештеңе де қирамаған.
Ал Украина әуе күштері жексенбіге қараған түні 4 ресейлік дрон (Иранда құрастырылған "Шахед" дрондары) Херсон және Днепропетровск облысына шабуылдағанын хабарлады. Барлығы атып түсірілген.
Украина билігінің хабарлауынша, соңғы тәулікте Запорожье облысы 70 реттен астам атқылауға ұшыраған, 20 елді мекенге соққы жасалған. Бұл жөнінде облыстың әскери әкімшілігінің жетекшісі Юрий Малашко хабарлады. Оның сөзінше, екі тұрғын қаза болған, екі адам жараланған. 30-дан астам үйге және азаматтық инфрақұрылым нысанына нұқсан келген.
Херсон облысында атқылаудың салдарынан екі адам жараланған. Облыс жетекшісі Александр Прокудиннің айтуынша, ресейлік снаряд бірқатар елді мекендердегі халық тұратын аймаққа түскен.
"Соңғы тәулікте қарсы тарап 69 рет атқылады, миномет, артиллерия, танк, авиация арқылы 313 снаряд жіберді" деп жазды Телеграм-арнасында.
Түнде сонымен бірге Харьков облысы да атқылауға ұшыраған. Жергілікті әкімшілік жетекшісі Олег Синегубов тұрғын үйлердің бір бөлігі және қора-жайлар бүлінгенін хабарлады. Ешкім зардап шекпеген.
Жуырда Украина қарулы күштері "Чонгар" көпіріне "сәтті соққы жасағанын" мәлімдеген. Бұл аннексияланған Қырымды Мелитополь және одан әрі қарай оңтүстік шеппен жалғайтын ең қысқа жол, қазір осы жаққа украин армиясы шабуылдауға тырысып жатыр, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.