Accessibility links

NYT: Нигердегі әскери төңкеріске Ресей мүдделі болуы мүмкін


Нигер астанасы Ниамей қаласында ұлттық ассамблея маңына Нигер туымен бірге ілінген Ресей туы. Шілде 2023 жыл.
Нигер астанасы Ниамей қаласында ұлттық ассамблея маңына Нигер туымен бірге ілінген Ресей туы. Шілде 2023 жыл.

Еуроодақ өткен аптадағы әскери төңкерістен кейін Нигерге қаржылай көмек беруін тоқтатады. Бұл жөнінде Еуропа дипломатиясының жетекшісі Жозеп Боррель мәлімдеді. Оның айтуынша, Брюссель Нигердің өзін-өзі жариялаған билігін мойындамайды және Мохамед Базумды елдің заңды президенті деп санайды.

Франция Нигерге көмек беруін доғаратынын мәлімдеді. Франция 2022 жылы Нигерді дамыту жобаларына 120 млн еуро бөлген, 2023 жылы оның көлемі артуы тиіс болған, деп жазды Reuters.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де Америка Нигермен экономикалық әріптестікті азайту жолдарын қарастырады деді. Блинкен Мохамед Базуммен 29 шілдеде сөйлескенін айтқанмен әңгіменің жай-жапсарына тоқталмады.

Нигердегі жағдайды сараптаған The New York Times басылымының пікірінше, ондағы әскери төңкеріс Гвинеядан бастау алып, Суданға дейінгі аралықта болған әскери төңкерістердің заңды "жалғасы". Африка елдеріндегі саяси жағдайды тұрақсыздандыру Батыс елдерінің мүддесіне қайшы, Африка Ресейдің мүдделі аймағына жатады, деп жазды басылым.

Африканың көптеген елінде (Мали, ОАР, Буркина-Фасо және тағы басқа) ресейлік қарулы топтар (арасында ЧВК "Вагнер" де бар) ресми немесе бейресми түрде жұмыс істейді, олар осы ел үкіметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетеді, ақысына табиғи ресурстарды бақылау құқығын алады, деп жазды The New York Times.

Сарапшылардың пікірінше, Кремль әскери төңкерістерге тіке мұрындық болған жоқ, алайда билікке келген әскери басшылар Батыспен емес, Ресеймен қарым-қатынасты арттыруды қолдап отыр. NYT жариялаған суреттерде Нигердегі бүлікшілердің Ресей туын ұстап тұрғаны көрінеді.

  • Нигерде әскери төңкеріс 26 шілдеде басталған. Генерал Омар (Әбдірахман) Тчиани жетекшілік ететін президенттік гвардия президент Мохамед Базумды резиденциясында әлі күнге дейін қамап отыр. Тчиани өзін елдің жаңа президентімін деп жариялаған.
  • Африканың көптеген елінде 2014 жылдан бастап ресейлік ЧВК "Вагнер" тобы жұмыс істей бастаған. Ақпаратқа қарағанда, жергілікті биліктің қауіпсіздігін "қамтамасыз ету қызметін ұсынатын" Евгений Пригожин ақы ретінде Африканың алтын және өзге де пайдалы қазба өндіретін кеніштерін бақылауға алған.
  • Маусымдағы "Вагнердің" бүлігінен кейін ОАР билігі "вагнерліктерді елден шығарған жағдайда" оларға бұрынғыша Ресей әскерінің қолдауы қажет болатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG