Accessibility links

Ермак: Жиддада Украинадағы жағдай бойынша келіссөздің "екінші сатысы" өтеді


Андрей Ермак
Андрей Ермак

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак тамыз айында Сауд Арабиясының Жидда қаласында Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге арналған халықаралық келіссөз өтетінін, бірақ оған Ресей қатыспайтынын растады.

Жиддада келіссөзге дайындық басталғаны туралы ақпаратты алғаш The Wall Street Journal газеті жариялаған.

Ермак бұл келіссөзді өткен айда Данияда болған пікір алысумен байланыстырған. Оның сөзінше, пікір алысудың екінші сатысында былтыр Украина ұсынған бейбітшілік формуласын іске асыру мүмкіндіктері талқыланады.

Ермактың айтуынша, алғашқы саты Украинада аккредитациядан өткен елшілермен кездесу ретінде өткен. Екінші саты ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері деңгейінде өтеді.

"Мұндай кездесуді алғаш рет Даниядағы әріптестермен серіктес ретінде маусымда Копенгагенде ұйымдастырдық. Келесі кездесу Сауд Арабиясында өтеді " деді Ермак. Үшінші саты Украинаның "бейбітшілік формуласын" қолдайтын мемлекет басшыларының саммитіне айналуы тиіс.

Жиддада тамыздың 5-6-сы өтетін пікір алысуға отызға жуық ел шақырылған. Оның ішінде бұған дейін Украина–Ресей соғысына бейтарап қарап келген Азия, Африка, Латын Америкасының елдері де бар.

Даниядағы кездесу жөнінде пікір айтқан Ресей СІМ "Батыс елдері бұл кездесуде Украинаға қолдау көрсету үшін өзге мемлекеттерге қысым жасады, бірақ мақсатына жете алмады" деген болатын.

"Бейбітшілік формуласы" – Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған, 10 пункттен тұратын бейбіт жоспар. Бұл жоспар бойынша, қандай да бір келіссөз Украинадан Ресей әскері толық кетіп, басып алған жерлерін Қырым түбегімен қоса толық босатқан соң ғана басталуы мүмкін. Бірқатар дамушы ел де бейбіт жоспарларын ұсынып көрген, ол жоспарларда атысты дереу тоқтатуға көбірек акцент жасалған. Ресей президенті Владимир Путин оның дәл қазір мүмкін емес екенін, Украина шабуыл жасап жатқанын айтқан. 2022 жылы Украинаға жаппай әскер кіргізген Путин "Мәскеу келіссөзден ешуақытта бас тартқан емес" деген.

Ермактың сөзінше, келесі аптада Украина АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдігі туралы келіссөз бастауы мүмкін. Бұл кепілдік Украина НАТО-ға мүше болғанша күшін сақтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG