2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиадамен қатар ұйымдастыруды жоспарлап отырған "Бүкіл әлемдік достық ойындарына" Ресей 8,3 миллиард рубль (шамамен 90 миллион АҚШ доллары) жұмсайды. Бұл сома Ресейдің спорт министрлігі әзірлеп, прзидент Владимир Путин қол қойған жобада көрсетілген.
"Бүкіләлемдік достық ойындары" 2024 жылы 15 қыркүйек пен 29 қыркүйек аралығында Мәскеу мен Екатеринбургте өтуге тиіс. Оған спорттың 27 түрі кіреді.
Бұған дейін Ресей спорт министрі Олег Матыцин "Бүкіләлемдік достық" ойынына Украина спортшыларын да шақыру жоспарланып отырғанын, олардың қауіпсіздігіне кепілдік берілетінін хабарлаған. Биыл сәуірде Украина билігі өз спортшыларын ресейліктер мен белорустар қатысатын халықаралық жарыстарға қатысуға тыйым салған.
- 1984 жылы СССР мен оның сателлиттері Лос-Анджелесте өткен Олимпиада ойындарына бойкот жариялаған. Совет одағы Болгария, Венгрия, ГДР, Солтүстік Корея, Моңғолия, Польша, Чехословакия секілді социалистік лагерьдегі елдермен бірігіп, "Достық - 84" деп аталатын өз ойынын ұйымдастырған.
- Украинаға басып кірген соң Ресей спортшылары халықаралық жарыстардың басым көпшілігінен шеттетілген.
- Биыл наурызда Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей спортшыларына соғысты қолдамай, бейтарап мәртебемен қатысуға рұқсат берген. Бұл шешімді Украина мен өзге де бірқатар ел қатаң сынаған. 30-дан астам мемлекет Ресей спортшыларын қандай жағдайда да халықаралық жарыстарға қатыстырмауды талап еткен.
- Ресей спортшыларын Париждегі Олимпиадаға қатыстыру-қатыстырмау мәселесі бойынша әзірге шешім қабылданбаған.
ПІКІРЛЕР