Accessibility links

Шымкенттегі Қаңтар оқиғасында өлгендердің туыстары әкімдік алдында наразылық білдірді


Шымкентегі Қаңтар оқиғасында оқ атқандар мен атуға бұйрық бергендерді жазалауды талап етіп тұрғандарға әкімдік өкілдері келді. Шымкент, 1 тамыз 2023 жыл
Шымкентегі Қаңтар оқиғасында оқ атқандар мен атуға бұйрық бергендерді жазалауды талап етіп тұрғандарға әкімдік өкілдері келді. Шымкент, 1 тамыз 2023 жыл

1 тамызда Шымкенттегі Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың ата-аналары мен туыстары қала әкімдігі алдындағы алаңға барып, балаларын атқан және атуға бұйрық бергендерді тауып, жазалауды талап етті.

Әкімдік алдына таңертеңнен бастап жиналған наразылар Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың суреттерін алаң шетіндегі орындыққа тізіп қойып, плакат ұстап тұрды.

- Оқ атуға бұйрық берген жедел штаб қайда? Бізге жауап берсін. Бәрімізге балаларымыздың өлімі жұмбақ. Баламды алаңда атты ма, жертөлеге алып барып ұрып өлтіріп атты ма? Әлі күнге баламның киімі қайда екенін білмеймін. Балам қайда қайтыс болды, неге жауап бермейді? - деді марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы Әйкен Қалықұлова.

Шымкенттегі Қаңтар оқиғасы кезінде қала әкімдігі жанынан жедел штаб құрылып, дүрбелең кезінде жұмыс істеген еді.

Наразыларға қала әкімдігінің қызметкерлері келіп, жиынға рұқсатсыз шыққандарын, тоқтатпаса әкімшілік шара қолданылатынын ескертті. Бірақ наразылардың талаптарына жауап бермеді.

Жиналғандар плакатты жинап, өлгендердің суретін қалдырды. Содан соң әкімдік алдындағы алаңға көрпе-төсек жайды. Талаптары орындалмаса үш күн түнеп, әрі қарай Астанаға жолға шығып, президент Тоқаевқа баратынын мәлімдеді.

Ресми мәлімет бойынша Шымкентте Қаңтар оқиғасында 20 адам оққа ұшқан. Өлгендердің әрбірі бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен кейін қысқартылған. 120-дан астам адам ауруханаға түсіп, оның 73-іне оқ тиген. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз атуға бұйрық" бергенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG