Accessibility links

Ақтаудағы "Интергаз Орталық Азия" жұмысшылары жалақыны жүз пайызға көтеруді талап етіп, үндеу жолдады


"Интергаз Орталық Азия" жұмысшылары жалақы көтеруді талап етіп тұр. 1 тамызда жарияланған видеодан скриншот. Ақтау
"Интергаз Орталық Азия" жұмысшылары жалақы көтеруді талап етіп тұр. 1 тамызда жарияланған видеодан скриншот. Ақтау

1 тамызда Ақтаудағы "Интергаз Орталық Азия" компаниясы "Ақтау" магистралдық газ құбырлары басқармасының бір топ қызметкері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовке жалақыны жүз пайыз көтеруді сұрап, видеоүндеу жолдады. Үндеу интернетте тараған. Жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне билікке талап қойып отырғандарын растады.

Жұмысшылардың сөзінше, елде инфляцияның өсуіне байланысты олар былтыр жалақыны өсіруді сұраған. Ал биыл қызметкерлермен жасалған қосымша келісімшартта 4,5 пайызға айлық өсетіні көрсетілген. Бірақ жұмысшылар биыл елде тағы да инфляция өсіп, баға қымбаттауына байланысты жалақыны 100 пайызға өсіруді талап еткенімен, басшылық еңбекақыны көтере алмайтынын айтқан.

"Елде 2023 жылғы инфляция көрсеткіші 20,3 пайыз болды, азық-түлік 25 пайызға, тұрмыстық қажеттіліктер 19,5 пайызға және коммуналдық қызметтер тарифінің өсуін ескере отырып, айлық жалақымыз азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктерге жетпеуіне байланысты биыл қаңтардан бастап айлық жалақымызды 100 пайызға өсіруді жазбаша түрде хат жолдап сұрағанбыз. "Интергаз Орталық Азия" бас директоры Манас Тасыбаев пен "Интергаз Орталық Азия" Маңғыстау өндірістік филиалының директоры Дулат Борашев жазбаша түрде жауап берді және жиналыс жасап, айлығымызды көтере алмайтынын айтты" дейді бір топ қызметкер атынан үндеу жолдаған ер адам.

Азаттықпен сөйлескен наразы жұмысшылардың бірі "Жалақыны 4,5 пайыз көтеру итке сүйек лақтырғанмен тең, біз ашулымыз. Елде инфляция өскенде 4,5 пайыз деген не? Ештеңе емес. Ал біздің алатын жалақымыз аз" деді. Бұл жұмысшы қауіпсіздігіне алаңдап, аты-жөнін атаудан бас тартты.

Жеті айдан бері талабы орындалмай отырған соң амалы таусылғаннан үндеу жолдап отырғанын айтқан жұмысшылар президент Тоқаевтан жалақыны жүз пайызға өсіруге ықпал етуді сұрайды.

"Құрметті президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, біздің жеті айдан бергі жазбаша жазған арыз-талаптарымыздың оң шешімін таппағанын мәлімдейміз. Яғни, мекеме басшыларының айлық жалақымызды көтере алмайтынын ескере отырып, амалымыздың таусылғандығын, жан айқаймызды өзіңізге үндеу арқылы жолдап отырмыз. Біздің, яғни, мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы төмен. Айлық жалақымыз азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке жетпеуіне байланысты жалақымызды 100 пайызға өсіруге ықпал етуіңізді өтініп сұраймыз" дейді жұмысшылар үндеуде.

"Интергаз Орталық Азия" Азаттық тілшісіне "қызметкерлерге жалақыны жүз пайызға өсіре алмайтынын, бұл экономикалық жағдайды нашарлатады" деп комментарий берді. Компания биыл қаңтардан жалақы 4,5 пайызға көтерілген айтады.

1997 жылы шілдеде құрылған "Интергаз Орталық Азия" компаниясы – "QazaqGaz" (бұрынғы "ҚазТрансГаз") газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторының құрамындағы мекеме.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG