Accessibility links

Алматыда көпқабатты үйде өрт шығып, 30 адам зардап шекті


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

Алматы қаласындағы Ақкент шағын ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 31 адам ауруханаға жеткізілген, олардың 16-сы – бала.

"Қаза тапқандар жоқ" деп хабарлады басқарма.

Өрт шыққан үйдің маңынан түсірілген видеолар интернетте тарады. Онда адамдар матрастар мен кілемдер жайып, 6-қабаттан секірген адамдарды қағып алып жатқаны көрінеді.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті 17:10-да Ақкент шағын аудары 54-үйге өрт сөндірушілер жібергенін, өрт 5-қабатта шыққанын хабарлады.

Құтқарушылар 5 және 6 қабат арасындағы лифт шахтасында электр кабельдері жанып жатқанын анықтаған. Сағат 19:00-ге таман ТЖД өрт сөндірілгенін хабарлады.

Департамент үйден 250-300 адам эвакуацияланғанын мәлімдеді. Өрт шыққан үйге 14 техника, 50 өрт сөндіруші мен құтқарушы жеткен.

Өрт шығыны мен өрттің шығу себебі әзірге белгісіз.

Осы оқиғадан соң желіде Алматыдағы көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда шығатын есіктер мен арнайы баспалдақтар жоғын талқылап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG