Accessibility links

Шымкентте сот Қаңтарда баласын атып өлтіргендерді жазалауды талап еткен екі ата-ананы қамады


Қаңтар оқиғасында балаларынан айырылған ата-аналар әкімдік алдындағы алаңда наразылықта тұр. 1 тамыз 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасында балаларынан айырылған ата-аналар әкімдік алдындағы алаңда наразылықта тұр. 1 тамыз 2023 жыл.

2 тамызда Шымкент қаласының әкімшілік соты сейсенбі қала әкімдігі алдындағы алаңға барып, Шымкенттегі Қаңтар оқиғасы кезінде балаларын атып өлтірген және атуға бұйрық бергендерді тауып, жазалауды сұраған Мұрат Әбдірайымовты (марқұм Нұрболат Алпамыстың әкесі) – он күнге, Әйкен Қалықұлованы (марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы) бес күнге қамауға қаулы шығарды. Сот оларды "бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыптады. Бұл туралы сот кеңсесі хабарлады.

Кеше, 1 тамыз таңертең алаңға барған он шақты ата-ананы кешке полиция күштеп әкеткен еді. Екі сағаттан кейін полиция оларды босатқан. Ата-аналар қала әкімдігінің алдында наразылықты жалғастырмақ болғанда оларды полиция қызметкерлері жеке-жеке алып, үйлеріне жеткізген. Мұрат Әбдірайымов пен Әйкен Қалықұлованы себебін түсіндірмей әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған қабылдау орнына әкелген.

Әбдірайымов пен Қалықұлованың тағылған айыпты мойындағаны, не мойындамағаны белгісіз.

1 тамыз күні наразылар Шымкенттегі Қаңтар оқиғасы кезінде балаларын атып өлтірген және атуға бұйрық бергендерді тауып, жазалауды сұраған. Оларға қала әкімдігінің қызметкерлері келіп, жиынға рұқсатсыз шыққандарын, тоқтатпаса әкімшілік шара қолданылатынын ескерткен. Бірақ наразылардың талаптарына жауап бермеген. Содан кейін жиналғандар ұстап шыққан плакатты жинап, марқұмдардың суретін қалдырған. Талаптары орындалмаса үш күн алаңда түнеп, әрі қарай Астанаға жолға шығып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баратынын мәлімдеген.

Шымкентте былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Құқық қорғау органдары басында оларға да "жаппай тәртіпсіздік жасады" деген айып таққысы келген, бірақ іс дәлел жетпеуіне байланысты жабылып, кейін марқұмдар жәбірленуші деп танылған. Қаза тапқандардың ата-аналары бұған дейін биліктен 5 млн теңге өтемақы беруді және балаларының өлімін тергеуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG