Мәскеудің Батыс округтік әскери соты 2022 жылы қыркүйекте Ресейдің Кабулдағы елшілігінің алдында өзін жарып жіберген адамның ісін қарайды. Бұл туралы "Коммерсант" басылымы Ресейдің бас прокуратурасына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу жарылысты ұйымдастырған адам көптен бері Ауғанстанда тұрып, кейін "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының "Хорасан уәлаяты" содырлар тобына қосылып кеткен Өзбекстанның Хусанжон Осимий атты азаматы екенін анықтаған. Оған "Террорлық ұйымның ісіне қатысты" және "Халықаралық терроризм актісі" баптары бойынша айып тағылған.
Осимийдің туыстары бұл айыптармен келіспейді. Марқұмға Ресейде сырттай үкім шығады.
Ресейдің Кабулдағы елшілігінің алдындағы жарылыс 2022 жылдың 5 қыркүйегінде болған. Онда жанкештіден тысқары дипломатиялық өкілдіктің екі қызметкері және төрт ауған полицейі қаза болған.
Ресей Ауғанстандағы тәліптердің үкіметін мойындамағанымен елдің Кабулдағы елшілігі жұмыс істеп тұр. Мәскеу "Талибан" үкіметімен экономикалық және саяси байланыстарды жалғастырып келеді.
ПІКІРЛЕР