Accessibility links

Ресейде соғыстан оралған "Вагнер" өкілі жаппай адам өлтіру күдігіне ілініп қамалды


 Игорь Софонов
Игорь Софонов

Ресей құрамындағы Карелия республикасында жуырда Украинадағы соғыстан оралған "Вагнер" жеке әскери компаниясының жалдамалы қызметкері 6 адамды өлтірді деп айыпталып қамалды. Бұрын сотталған 37 жастағы Игорь Софонов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Север.Реалии сайтының жазуынша, 1 тамызда Карелияның Деревянное ауылынан пышақталған жергілікті алты тұрғынның денесі табылған. Мәйіттер бір-біріне жақын тұрған екі жеке үйден табылған. Бірінші үйден әкелі-балалы екі ер адамның, екінші үйден үш ер адам мен бір әйелдің денесі табылған. Қылмыскерлер қылмыстың ізін жасыру үшін екі үйді де өртемек болған.

Мәйіттер табылған соң 6 сағаттан кейін полиция адам өлтірді деген күдікпен Игорь Софонов пен 38 жастағы Максим Бочкаревті ұстаған.

Ақпарат құралдарының жазуынша, бұрын екеуі де ұзақ жылға сотталып, бір түрмеде жазаларын өтеген: бірі "адам өлтіру, тонау, ұрлауға оқталу", екіншісі "зорлау және тонау, қарақшылық" баптары бойынша кінәлі танылған. Колонияда отырған кезде 2022 жылы Софоновты "Вагнер" компаниясы соғысқа тартып, Украинаға әкеткен. Бұдан соң ол (президент Владимир Путиннің жарлығымен) рақымшылыққа ілінген.

Деревянное елді мекені тұрғындарының сөзіне қарағанда, Софонов биыл көктемде соғыстан оралған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Софонов соғыстан келгеннен кейін көп ішкен. Бочкаревтің биографиясы туралы ақпарат жоқ, оның адвокатының айтуынша, Бочкарев тағылған айыптарды жоққа шығарған, ол полицияда соққыға жығылған.

  • Былтыр жазда Ресей әскері Украина жерінде бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң ЧВК "Вагнердің" негізін қалаушы, Владимир Путин айналасындағы кәсіпкерлердің бірі Евгений Пригожин түрмелерді аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттей бастаған. Соғысқа баруға келіскендері жарты жыл әскери қимыл ошақтарында болуға тиіс. Оларға тұтқынға берілуге немесе кері шегінуге қатаң тыйым салынған. Жарты жылдан кейін тірі қалғандарын бостандыққа жіберуге уәде берілген. Кей ақпаратқа қарағанда, ЧВК "Вагнер" 50-70 мың аралығында адамды соғысқа тартқан. Пригожиннің сөзінше, 32 мыңы оралып, соғысқа қатысқаны үшін рақымшылыққа ілінген.
  • Пригожиннің айтуынша, бостандыққа шыққан вагнерліктер арасында қайта қылмыс жасағандары аз. Бұл ақпаратты рақымшылыққа ілінген жалдамалы қызметкерлердің статистикасынсыз тексеру мүмкін емес.
  • Кейінгі кезде ақпарат құралдарында Украинадағы соғыстан оралған "Вагнер" өкілдерінің ауыр қылмыс жасағаны туралы ақпарат жиі шыға бастады. Мамырдың соңында Новосибирск облысында 10-12 жастағы екі мектеп оқушысын зорлады деп күдікке ілінген вагнерлік қамалған. Санкт-Петербургте маусым басында соғыстан оралған жалдамалы қызметкер дүкенді тонаған. Тағы біреуі адам өлтіргені үшін қамалған.
XS
SM
MD
LG