Accessibility links

"Сталиндік жаза". Ресей соты оппозиционер Навальныйды 19 жылға соттады


Оппозиционер Алексей Навальный (сол жақта) мен Даниэль Холодный (оң жақта отыр) сот үкімін тыңдауға келген сәт. 4 тамыз 2023 жыл.
Оппозиционер Алексей Навальный (сол жақта) мен Даниэль Холодный (оң жақта отыр) сот үкімін тыңдауға келген сәт. 4 тамыз 2023 жыл.

Ресей соты оппозиционер Алексей Навальныйды "экстремизм" бабымен 19 жылға соттады. Сот Кремль сыншысын қатаң режимдегі түрмеге жіберді.

Ресейдегі жемқорлықпен күресіп жүрген Навальный Қылмыстық кодекстің алты бабымен айыпталған. Оған "экстремистік қауымдастық құрды әрі қаржыландырды", "экстремизмге шақырды", "Нацизмді ақтады" деген негізгі айыптар тағылды.

Бұл айыптардың біразы "Навальный LIVE" Youtube-каналының бұрынғы қызметкері Даниэль Холодныйға да тағылған. Сот оны 8 жылға соттады.

47 жастағы Навальный "алаяқтық" бабымен 9 жылдық түрме жазасын өтеп жатқан еді (Ол бұл айыптың да "саяси астары" бар деп санайды). "Экстремизм" айыбына байланысты сот отырыстары Навальный отырған колонияда өтті. Сот жабық деп танылып, отырыстарға Навальный мен Холодныйдың жақындары кіргізілмеді.

"Экстремизм" айыбына Навальный құрған "Жемқорлыққа күрес қоры" себеп болды. Ресей прокуратурасының сұрауымен сот қорды 2021 жылы "экстремистік" деп танып, ел аумағындағы қызметіне тыйым салған.

Навальный мен Холодный өзіне тағылған барлық айыпты мойындамайды. Олардың жақтастары мен құқық қорғаушылар бұл айыптардың да "саяси астары бар" деп есептейді. Сарапшылар Ресей президені Путин басты қарсыласы Навальныйды "өзінің тұтқынына айналдырды" дейді.

Навальныйға қатысты соттардың бірі. 9 ақпан 2021 жыл.
Навальныйға қатысты соттардың бірі. 9 ақпан 2021 жыл.

Кремль сыншысы сот үкімі шығардан бір күн бұрын мәлімдеме жасап, өзіне "сталиндік жаза" беруі мүмкін деп топшылаған.

"Сталиндік жазаның формуласы оңай: прокурор 20 жыл сұрады, сол сұраған жазаны 10-18 пайызға азайтады да, 18 жыл не соның маңайында жаза беруі мүмкін" деген еді ол.

Навальный "не үшін мұндай үлкен мерзімді бергенін ойлап қараңыздар. Мұның басты мақсаты – үркіту. Мені емес, сіздерді үркіту. Путин жүздеген адамды қамап, миллиондаған адамды қорқытқысы келеді" деп мәлімдеді.

Оппозиционер өзінің жақтастарын сабырлыққа шақырып, күресті жалғастыруға кеңес берген.

Навальный құрған "Жемқорлыққа қарсы" ұйымы Ресей президенті Владимир Путин мен оның айналасындағылардың байлығын әшкере ететін үлкен зерттеулер жасаған.

2020 жылы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Алексей Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлап, комаға түскен. Алғашында Омбы ауруханасына жатқызылған саясаткер екі күннен кейін Германиядағы клиникаға ауыстырылды. Еуропаның тәуелсіз зертханалары саясаткердің ағзасынан жүйке жүйені сал қылатын "Новичок" тобына жататын у қалдықтарын тапқан.

2021 жылы қаңтарда Навальный Германиядан Ресейге ұшып келгенде ФСБ оны әуежайда ұстап қамауға алған. Ол содан бері колонияда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG