Accessibility links

"Ақшамызды қайтарсын". Атырауда төрт тұрғын үй кешенінің пайшылары наразылыққа шықты


Атырауда төрт тұрғын үй кешенінің пайшылары облыстық сот алдында наразылық танытып тұр. 4 тамыз 2023 жыл.
Атырауда төрт тұрғын үй кешенінің пайшылары облыстық сот алдында наразылық танытып тұр. 4 тамыз 2023 жыл.

Бүгін, 4 тамызда Атырауда құрылысы аяқталмаған төрт тұрғын үй кешенінің 40-қа жуық пайшылары облыстық сот ғимаратының бейбіт митинг өткізді. Олар құрылыс жүргізген үш тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысты тергеудің әділ өтуін талап етеді. Жиналғандардың сыртынан полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Қолдарына өздерінің үйсіз қалғаны жазылған плакаттар ұстаған наразы топ кооперативке 300-ге жуық адамның алданып қалғанын айтады. Олар Атырау қаласының орталығында "Сарайшық", "Байсанат", "Family Town", "Qazanat" тұрғын үй кешендері құрылысын жүргізген тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне миллиондап ақша салған. Араларында пәтер құнын толық төлегендер бар.

Митингіге келген Динара Ержанова сөзінше, жұрт төрт тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін 3 млрд теңгеден аса қаржы құйған. Ол өзі "Сарайшық" тұрғын үй кешенінен 15 млн теңгеге екі бөлмелі пәтер сатып алу үшін кооперативпен келісімшартқа отырып, пәтер құнының 11 млн теңгесін төлеген. Құрылыс тоқтап қалған кезде қалған соманың төлемін де тоқтатқан. Кейбір пайшылар арасында өздерінің бұрынғы үйін сатып, сатқан ақшаны кооперативке төлеп, қазір баспанасыз қалғандар бар.

Шара Тасимова "Байсанат" тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін өзінің бұрынғы пәтерін кооперативке салып, қосымша 16 млн теңге төлеген. Ол алмақ болған пәтер құны 30 млн теңгеге бағаланған. Қазір ол кішкентай баласымен бірге пәтер жалдап жүр. Пәтер жалдап шаршағанын айтқан Шара Тасимова ақшаны қайтаруды немесе құрылысты аяқтауды талап етеді.

Пайшылар тұрғын үй кешендерінің құрылысы тоқтап қалған соң былтыр полицияға арыз түсірген. Қазір үш күдіктіге қатысты "Алаяқтық" және "алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру" баптарымен тергеу жүріп жатыр. Олар – төрт тұрғын үй кешені құрылысын жүргізген "Saraishyq invest group", "Атамекен тұрғын үй", "Baisanat Residence" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің құрылтайшысы мен басшылары.

Жақында сот санкциясымен оларға қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, оларды тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырған. Мұнымен келіспеген пайшылар былтыр желтоқсаннан бері созылып келе жатқан тергеу ісі сотқа жетпей жабылып қала ма деп қауіптенеді. Сол үшін наразылығын білдіріп шыққан.

Арада жарты сағаттай уақыт өткенде жиналғандардың қасына Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бексұлтан Сатымов келіп, қала әкімдігіне бейбіт жиынды өткізу туралы хабарлама берілмегендіктен бұл жиынның заңсыз екенін және бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айтып, тарауын сұрады. Наразы пайшылардың оған "біз әбден шаршаған соң келіп тұрмыз" деп жауап қайырды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет Азаттық тілшісіне "тергеу жәбірленушілердің барлығын анықтау үшін, келтірілген залал құнын есептеу үшін созылып жатыр" деп жауап берді. Оның айтуынша, бұл іс бойынша қазір 190 жәбірленуші бар.

Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нариман Биғали төрт тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізу үшін рұқсат алынбағанын, құрылыстық заңсыз жүргізілгенін растады.

Ал шілденің аяғында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Атырау қаласында тоғыз тұрғын үй кешені – "Жібек жолы", "Байсанат", "Saraishyk", "Qazanat", "Мальтийский дворик", "NB Towers", "Сұлтан Бейбарыс", "Green park" және "Хан сұлтан" - рұқсатсыз салынып жатқаны анықталған.

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Мейрамгүл Өтеғұлова сот санкциясына байланысты "комментарий дайындап жатырмыз" деп жауап берді. Бірақ әзірге облыстық соттан жауап болған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG