Accessibility links

Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиева 20 тәулікке қамалды


"Оппозиция митингісі болады" деген күні Бибігүл Иманғалиеваны үйінің маңынан ұстап әкетпек боп тұрған полиция қызметкерлері. 2022 жыл.
"Оппозиция митингісі болады" деген күні Бибігүл Иманғалиеваны үйінің маңынан ұстап әкетпек боп тұрған полиция қызметкерлері. 2022 жыл.

Алматыда белсенді, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының мүшесі Бибігүл Иманғалиева 20 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады. Бір күн бұрын полиция оны үйінің маңында ұстап әкеткен. Ақпаратқа қарағанда, оны 5 мамыр күні "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" (488-бап, 11-бөлік) ұстаған.

Sud.kz сайтында жарияланған сот шешімінде Бибігүл Иманғалиеваның 5 мамыр күні "Алматыдағы әділет департаментіне барып, рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны", "Иманғалиеваның кінәсі іс материалдарымен дәлелденгені" жазылған. Сот процесі кезінде белсенді өзіне тағылған айыптармен келіспеген.

Жақтастарының айтуынша, ол күні белсенді Аллматы қаласының әділет департаментіне барып, "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі ретінде қол қойғысы келген. "Ал бұл митинг болып саналмайды" деген жақтастары "Еуропа депуттарының Қазақстанға сапары қарсаңында Бибігүл Иманғалиеваны саяси себеппен қамау немесе айыппұл салу бұл биліктің тәуелсіз азаматтық қоғам өкілдерін қудалап жатқанын көрсетеді" деген.

4 тамызда судья Д.Қарымбаев оны 20 тәулікке қамаған. Қамау мерзімі 4 тамыз сағат 13.00-ден бастап есептеледі. Тараптар шешімді 10 күн ішінде апелляцияға бере алады.

#БелсенділерЭкстремистЕмес тобының хабарлауынша, Алматыда "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі Әсет Әбішев те ұсталған. 5 тамызда әкімшілік сот өтуі тиіс.

Аталған белсенділер мүшелері болып саналатын тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы айлар бойы әділет министрлігіне құжат тапсырып, саяси ұйымды тіркей алмай келеді. Министрлік бастамашыл топтың құжаттары партияларды тіркеу туралы заңға сай еместігін айтып, тіркемеген. Ал белсенділер өздерін "саяси себеппен тіркемей отыр" деп есептейді. Олар бұған дейін биліктен партияны тіркеуді талай талап еткен.

Билік елде саяси қудалау барын мойындамайды және партияны "саяси себеппен тіркемей отырғандарын" жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG