Accessibility links

NYT: Песков Ресейдегі сайлау жүйесін "кезекті бюрократия" деп атады


Ресейдегі президент сайлауы – "демократиядан гөрі, аса қымбатқа түсетін бюрократияға ұқсайды". Ресей президенті Владимир Путин келесі жылы өтетін сайлауда 90% дауыспен жеңіп, қайта сайланады. Тhe New York Times жазуына қарағанда, бұл пікірді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сұқбат бергенде айтқан.

Бұған көптеген БАҚ назар аударған соң Песков өз сөзінің бұрмаланғанын мәлімдеген.

Америка басылымы үлкен материалына "Путиннің мәңгілік соғысы" деген тақырып қойған. Авторлары Украинадағы соғыс қашан аяқталуы мүмкін, Ресей қоғамы соғыстан шаршай ма, Путин бейбіт келісім бастай ма деген сұрақтарға жауап беруге тырысқан. New York Times жариялаған Песковтың сөзінше, Кремль Путин билігіне қауіп жоқ, өйткені сайлау процесін Кремльдің өзі бақылайды деп санайды.

The New York Times жазуына қарағанда, Песков Украинадағы соғысты аяқтау мәселесіне де жауап берген. Оның сөзінше, қазір бейбіт келісімге қол қоятындай негіз жоқ, ал "арнайы операция" жалғаса береді. "Ресей Украина жерін көбірек басып алғысы келе ме?" деген сұраққа Песков: "Жоқ. Ресей конституциясына біздің жеріміз деп жазылған жердің бәріне бақылау орнатқымыз келеді" деп жауап берген.

Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялап, 2022 жылы сол елдің Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының бір бөлігін басып алған.

"Подъем" басылымына берген сұқбатында Песков The New York Times басылымының журналисі өз сөзін бұрмалаған деп мәлімдеді. Песковтың сөзінше, "Егер Путин кандидатурасын ұсынатын болса, үлкен басымдықпен сайланарына қазірдің өзінде күмән жоқ. Бірақ сайлау деген демократия екенін президенттің өзі жолдауында айтқан. Сайлауға көп ақша жұмсалғанымен, Путиннің қайта сайланатыны бәрібір түсінікті".

Владимир Путин 2024 жылы өтетін президент сайлауына қатысатыны жөнінде әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ол бұған дейін Ресей конституциясына өзгеріс енгізіп, тағы да екі рет сайлану құқығын алған. Путин Ресей билігіне 2000 жылы келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG