Ресейлік "Яндекс" IT-компаниясының негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож жеке сайтындағы биографиясында өзін "Қазақстанда туған израильдік кәсіпкер" деп атаған. Ол сайтындағы ақпаратта Ресейде бизнес жасап, сонда тұрғаны жайлы ештеңе айтпаған. Мұны әлеуметтік желі қолданушылары байқап қалды. "Агенство" телеграм-каналының жазуынша, Волож "Википедиядағы" өзі жайлы ағылшынша биографияны да өзгертпек болған.
"Аркадий Волож – Қазақстанда туған израильдік кәсіпкер, компьютер саласының ғалымы, инвестор әрі филантроп... Волож 2015 жылдан бері Израильде тұрады" деп жазылған Volozh.com сайтындағы биофграфияда.
Волож Қазақ ССР-інің Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында туған. 1980 жылдары Мәскеуде тұрып, 1997 жылы бірнеше серіктесімен "Яндекс" компаниясын құрды. 2010 жылдардың ортасында Израильге көшіп, Мальта азаматтығын алған еді. 2017 жылы "Яндекстің" 20 жылдығына орай өткен шара кезінде Владимир Путинмен кездескен. Волож 2022 жылы соғысқа байланысты санкцияларға ілінген соң "Яндекстегі" барлық қызметтен кеткен. Ол Украинадағы соғысқа қатысты ашық пікірін айтпады.
"Агенство" соғыстан кейін ресейлік біраз бизнесмен Ресейден алшақтауға тарысып жатқанын аңғарған. Ал "Проект" жобасы зерттеуінде Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық қолдамаған ресейлік миллиардерлер Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа қол қойып, пайда тауып жатқанын жазған. Олардың қатарында Волож да бар.
Ал "Википедияның" ағылшыншасындағы түзетуді "ОВД-Инфо" еріктісі Юлия Яковлева байқап қалған. Ақпанда Тель-Авивтегі IP адрестен кірген қолданушысы Волож туралы ақпараттан "ресейлік миллиардер" деген сөзді алып тастаған. 6 тамызда "Википедиядағы" ақпаратқа "ресейлік миллиардер" деген сөз қайтарылған еді, бірақ сәлден соң бұл сөзді біреулер қайта алып тастаған. 7 тамызда "Википедиядағы" Волож туралы ақпаратта "Қазақстанда туған ресейлік миллиардер әрі бизнесмен" деген сөйлем жазылып, түзетуге тыйым салынған.
ПІКІРЛЕР