Қазақстан Қытаймен өзара визасыз режим жөніндегі қажетті заң процедураларын толық аяқтап, ол жөнінде Қытай тарапын құлағдар еткен. Бұл туралы 7 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі хабарлады. Бұл келісім бұған дейін Қазақстан азаматтарының бір бөлігінің наразылығын туғызған, олар Қытаймен визасыз режим орнатуға қарсы екенін айтқан.
"Қазіргі уақытта Қазақстан өз ішіндегі барлық процедураны аяқтады. Енді Қытайдың осындай қадамын күтіп отырмыз",- деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров дүйсенбідегі брифинг кезінде.
30 күнге дейін өзара визасыз сапарға рұқсат беретін келісімге 17 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде қол қойылған. Бұл сапар кезінде Қытаймен визасыз режимге қарсылық білдіріп, акция өткізгендерді Қазақстан құқық қорғау органдары қамауға алып жатқан.
ПІКІРЛЕР