Белгісіз затан уланып, тамыздың біріне ауруханаға түскен Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 14 баласының 6-уы әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Мұны бүгін үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Бұған дейін Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ауруханаға 12 бала түскенін мәлімдеген болатын. Жергілікті ақпарат құралдары да 12 бала ауруханаға түсті деген мәлімет таратқан.
Министрдің сөзінше, 4 баланың жағдайы ауыр болғанымен, беті бері қараған. 2 баланың жағдайы өте ауыр.
"Жағдайдың ауырлығы - неврологиялық және интоксикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр. 7 бала сауығып, ауруханадан шықты"- деді Ажар Ғиният. Министр баяндамасында 13 бала туралы сөз болған. Бұған дейінгі ақпараттарда бір баланың ауруханада көз жұмғаны хабарланған.
Денсаулық сақтау министрі балалардың неден уланғаны жөнінде болжамын айтқан.
"Алдын ала эпидемиологиялық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелері, аурудың даму сипаты тамақтан уланбағанын және инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетеді" деген министр балалар "түсініксіз заттан қатты уланған"деп сипаттаған.
Биыл тамыздың біріне Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі осы облыстың балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 12 бала белгісіз заттан уланып ауруханаға түскенін, бір бала ауруханада шетінеп, алты бала жансақтау бөліміне жатқызылғанын хабарлаған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, 30 шілдеде екі бала өзін жайсыз сезініп, құсып, іші өткен. Ертеңіне тағы 10 бала осындай күйге түскен. Бәрі ауруханаға жатқызылған.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова да 12 баланың да уланғанын, бірақ әзірге неден уланғаны белгісіз екенін айтқан болатын.
Әкімдік директордың міндетін атқарушы қызметінен шеттетілгенін, арнаулы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Қылмыстық іс қозғалған. Басқарма мәліметінше, балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 160 аса бала тұрады.
ПІКІРЛЕР